Мәнерлеп сырғанаудан 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, әйелдер арасында төрттік сальхов әдісін тұңғыш орындаған спортшы Элизабет Тұрсынбаева – Сыр елінің ғана емес, қазақтың мақтанышы. Баспасөз бен телеарналар мұз айдынында қарлығаштай қалықтаған Лизаны жарқырата жариялап келеді. Ал, әлем таныған шынашақтай қыздың анасы кім, ол жайында көптің хабары жоқ болар.
Біз бүгін Элизабеттің анасы Падишахан Сұлтанәлиеваны көктем шуағын шаша келген халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтап, онымен шағын сұхбат құрдық.
– Падишахан, халық талантты перзент өсірген ана жайында да білгісі келеді. Өзіңіз жайында айтып беріңізші.
– Мен көпбалалы қырғыз отбасында өстім. Үпір-шүпір сегіз бала бір нанды бөліп жегенбіз, сол тәрбиеден шығар, көпшіл болдым және нанның қадірін ерте түсіндім. Он алты жасымда Мәскеуге кеттім. Бауырларыма салмақ салғым келмеді, әке-шешеміз қайтыс болды. Алдымен, Мәскеу түбіндегі Орехово-Зуеводағы индустриалды-педагогикалық техникумда оқыдым. Оны бітіріп, Мәскеудің өзіндегі агро-инженерлік университетке түстім. Бар мақсатым оқу, жақсы мамандық алу болды.
– Біздің Байтақ бауырымызбен қалай танысып жүрсіз?
– Ол кезде студентпін, күндіз оқып, түнде нан зауытында жұмыс істедім. Демалыс күннің бірінде құрбым екеуміз Үлкен театрдағы операға бармақшы болып келістік. Ерте келген мен екі билет алдым, бірақ құрбым келмеді. Енді екі билеттің бірін өткізу керек болды. Мен сияқты оқып әрі жұмыс істеп жүрген адамға бір билеттің құны да тастай салатын дүние емес. Содан «кімге билет керек» деп адам көп жүретін метроның алдына барып тұрдым. Құдайдың бұйрығы ғой, осы бүгінгі отағасы Байтақ менің сол билетімнің сатып алушысы болды. Билет берген қолымның сол адамнан қайта ажырамайтынын ол кезде әрине, білген жоқпын.
– Отбасында нешеусіздер?
– Тұңғышымыз Тимур. Ол қазір Нұр-Сұлтанда, сол жақтағы спорт колледжін бітіріп, жаттықтырушылық жұмыс жасап жүр. Мәнерлеп сырғанаудан спорт шебері. Алдағы уақытта жоғары оқуға түспекші.
– Лиза мәнерлеп сырғанаумен жастай айналысқан шығар?
– Мәнерлеп сырғанауға төрт жасынан алып бардым. Орта мектеппен бірге қосымша музыка мектебінде де оқыды. Фортопиана ойнайды, жақсы скрипкашы болып шықты. Бірақ, оның бағы спорттан ашылды.
– Өзіңіз немен айналысасыз?
– Мен қазір бірыңғай Лизаның қасындамын, жаттықтырушы есебіндемін. Осы мақсатпен спорт академиясын да бітіріп шықтым. Қызымның барлық жағдайына қараймын. Мұз үстінде билеу – ең қиын спорттың бірі, жиі жарақат алып қалады. Сондайда емдетем, қолыммен көтеріп жүрем. Осылай Лизаның қасында он бес жыл жүріп, бүгінгі дәрежеге жетуіне тілегімді де, жігерімді де сарқа жұмсадым. Канаданың да тұрғыны болдым. Арманым тәрбиелі, жақсы ұл-қыз өсіру еді. Оларды адам қылу үшін алдымен өзің адам болуың керек. Сол қиын жолдардан өттім. Кәсіп жасадым, ақша тауып үй алдым деген сияқты.
– Осы еңбегіңізге ақы төлене ме?
– Оған біреу ақы төлесін деген ой болған жоқ менде. Бірақ, төлену керек екен. Соңғы жарты жылда ғана төлей бастады. Лиза әлемде алғашқы болып төрттік сальховты орындағанда қытайлықтар «біздің елдің атынан өнер көрсетсін» деп шақырды. Алтынмен аптаймын деген ойларын жасырған жоқ. Біз де, Лизаның өзі де оған үзілді-кесілді келіспедік. Себебі отанымыздың патриоты болып қалғымыз келеді.
Біздің табан тірейтін отанымыз бар, ол – Қазақ елі.
– Жылы лебізіңізге рахмет.
***
Падишахан өзінің шын мәнінде көпшіл, ашық мінезді екенін көрсетті. «Қазақтың екі баласын елге танытып, биікке көтеріп бердім», – деп риясыз күлді.
«Қос перзентіңіз сол биіктен төмендемесін! Сіздей анаға Сыр елі әмісе разы, басымды иемін», – дедім мен. Осындай жайдары, жарқын жүзді жанмен телефон арқылы ғана тілдескеніме өкініш білдірдім. «Сәуір айында Сыр еліне барамын, сонда жолығысармыз», – деп Падишахан күллі жұртқа ыстық сәлемін жолдады.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.