«Қайсар» құрамына кімдер қосылды?

Алдағы наурыз айында футболдан ел біріншілігі жалауын көтереді. Бүгінгі күндері қазақстандық клубтар доп додасына дайындығын бастап кетті. Қызылорданың «Қайсар» командасы алғашқы оқу-жаттығу жиынына өз еліміз бен шетелдік клубтарда доп тепкен үздіктерді шақыртқан болатын. Қазірдің өзінде олардың қатарында «Қайсармен» келісім-шартқа қол қойып үлгерген футболшылар бар.

Қазақстандық жанкүйерлер қорғаушы Елдос Ахметовті жақсы біледі. Е.Ахметов 1990 жылдың 1 маусымында Тараз қаласында дүниеге келген. Үлкен футболдағы алғашқы қадамын 2007 жылы туған қаласындағы «Жамбыл» командасында бастаған. Одан кейінгі жылдарда Тараздың ОСШИОСД, «Тараз», Павлодардың «Ертіс», елорданың «Астана», Алматының «Қайрат» клубтарында өткізген. 2012 жылдан бері Қазақстан ұлттық құрамасында ел намысын қорғап келеді.

Сондай-ақ, былтыр «Ақтөбеде» ойын көрсеткен қорғау­шы Бағдат Қайыров биыл «Қайсардың» құрамына қосылды. Ол 2016 жылдан бері 102 ойын өткізіп, қарсыластар қақпасына 2 гол соқты. «Қайсармен» келісім-шартқа қол қойған тағы бір ойыншы грузиялық шабуылшы Элгуджа Лобжанид­зе бұған дейін өз елінің «ВИТ-Джорджия», «Шукура», «Динамо» (Батуми), «Металлург», Ресейдің «Оренбург» клубтарының намысын қорғады. Былтыр «Тараз» сапында доп тепкен футболшы 24 кездесуде 8 голдың авторы атанды. Өткен жылы «Атырау» намысын қорғаған қазақстандық қорғау­шы Қуаныш Қалмұратов та биыл Қызылордада ойын көрсетеді.

Бүгінгі күндері «Қайсардың» сынағынан Ресейден Алексей Шумских, Украинадан Ризван Аблитаров, Мозамбиктен Режиналдо Файфе, Португалиядан Нани, Кабо-Верде елінен Элвин Фортес өтіп жатыр. Команданың алғашқы оқу-жаттығу жиыны 27 қаңтарға дейін созылады.

Әділет ТАЛАПТАН.

ДОДА 14 қаңтар 2020 г. 1 354 0