Футболдан Ұлттар лигасы: Қай құраманың бағы жанады?

Бүгін футболдан УЕФА Ұлттар лигасының финалдық кезеңі басталады. Аталмыш бәсекеде төрт құрама - Англия, Голландия, Швейцария және Португалия сынға түседі, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Футболдан УЕФА Ұлттар лигасының финалдық кезеңі Португалияда өткізіледі. Ойындар Порту және Гимарайнш қалаларында 5-9 маусым аралығында болады.  Естеріңізге сала кетелік, бұл бәсеке алғаш рет былтырдан бастап ойналды. УЕФА құрамындағы 55 құрама төрт лигаға бөлінді. Оның әрбірінде төрт-төрт топтан бар.
А лигасында топ үздіктері атанған құрамалар финалдық кезеңге жолдама алды. А лигасының бірінші тобында Голландия  Франция мен Германияны артқа тастап кетті. Ал Швейцария Бельгия мен Исландияны орта жолда қалдырды. Португалия үшінші топтың үздігі атанып, Италия мен Польшаны артқа салды. Төртінші топта Англия Испания мен Хорватияға дес берген жоқ.
Аталмыш құрамалар арасында Англия, Голландия мен Португалия толайым табыстарға қол жеткізген. Англия 1966 жылы әлем чемпионы атағына қол жеткізсе, 1968 және 1996 жылдары Еуропа біріншілігінде қола жүлдегер атанған. Ал Португалия 2016 жылы Еуропа чемпионы болса, аталмыш біріншілікте бір мәрте күміс (2004), үш мәрте қола (1994, 2000, 2012) медальге қол созды. Ал Голландия құрамасы 1988 жылы Еуропа чемпионы атағын жеңіп алса, аталмыш бәсекеде төрт мәрте қола (1976, 1992, 2000, 2004) жүлдегер болды. Олар әлем чемпионатында үш мәрте күміс (1974, 1978, 2010), бір мәрте қола (2014) медаль алды. Ал Швейцария құрамасы әзірге мұндай жетістігімен мақтана алмайды. Әлем және Еуропа біріншіліктерінде ширек және 1/8 финал сатысынан аса алмай жүр.
 Футболдан УЕФА Ұлттар лигасының финалдық кезеңі бүгін Порту қаласында Португалия мен Швейцария құрамалары арасындағы кездесумен басталады. Ертең, 6 маусымда Гимарайнш қаласында жасыл алаң төрінде Голландия мен Англия құрамалары шеберлік байқасады. Ал 9 маусымда Портуда чемпион анықталса, Гимарайншта қола жүлдегер белгілі болады.
УЕФА Ұлттар лигасының финалдық кезеңінде Португалия құрамасын бас жүлдеден негізгі үміткер ретінде санайды. Дегенмен Голландия және Англия да тәжірибелі футболшыларын дүбірлі додаға алып барды. Швейцария да оңай шағылатын жаңғақ емес екенін ескере кеткеніміз артық емес. Естеріңізге сала кетелік, Қазақстан құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының Д лигасында А тобында Грузия, Латвия және Андорра құрамаларымен шеберлік байқасты. Нәтижесінде алдына Грузияны салып, өз тобында екінші орынды қанағат тұтты.


ДОДА 05 маусым 2019 г. 565 0