«ҚАЙСАР» «АСТАНАДАН» ДА АЙЛАСЫН АСЫРДЫ

Қызылорданың «Қайсары» жанкүйер­лердің де, футбол мамандарының да үлкен құрметіне бөлене бастады. Жерлестеріміз әрбір ойын сайын өздерін жаңаша қырынан танытып, жоғары деңгейде шеберлігін көрсетіп отыр. Соңғы турдың қорытындысымен «Қайсар» турнир кестесінде екінші орынға көтерілді.

Ойын басталмас бұрын елімізге белгілі футбол ардагері Тимур Сегізбаевтың құрметіне арналған жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі турнирдің жеңім­паздары ма­ра­пат­талып, ардақты аза­маттың иығына шапан жабылды. Бірінші кезең аяқ­талғаннан кейін даң­қты балуанымыз Дәулет Тұрлыханов «Қайсар» футбол клубына жаңа ав­то­бусты сыйға тартты. Сондай-ақ, аталмыш кездесуді тамашалауға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Аллен Чайжунусов, Кәсіпқой футбол лигасының төрағасы Михаил Гурман арнайы келді.

Осыны түсінген жергілікті фут­болшылар қонақтар қақпасына әу дегеннен лап қойды. Небәрі 5 минөтте доп астаналық команда қорғаған қақпада тулап жатты. Оны «Астананың» қорғаушысы Виктор Дмитриенко өз қақпасына соғып алды. Осыдан кейін екі команда алма-кезек шабуыл өрбіткенмен, тоқсан минөт түгесілгенше сол есеп өзгерген жоқ. Есеп 1:0. Жерлестеріміз қатарынан төртінші жеңісіне қол жеткізді. «Қайсар» турнир кестесінде екінші орынға көтерілді. Біздің команда ендігі ойынды сырт алаңда өткізіп, 28 мамырда Алматыда «Қайратпен» шеберлік байқасады.

 

Әділ ТАЛАП.
ДОДА 27 мамыр 2014 г. 971 0