«Қайсар» жанкүйерлермен жолдастық кездесу өткізді

«Қайсар» жанкүйерлермен жолдастық кездесу өткіздіОсы аптаның бейсенбісінде «Қайсар» футбол клубының бапкерлік құрамы жергілікті жанкүйерлер және журналистермен жолдастық кездесу өткізді. Достық рәуіште болған сайыста қос тарап та көпшілікке қызықты ойын сыйлады.

Команданың бапкерлер құрамы бұрын кәсіби деңгейде ойын көрсеткен футболшылар екені белгілі. Әрине, олардың барлығы дерлік осыдан5-10 жыл бұрын үлкен спортпен қош айтысты. Дегенмен, әлі де бабынан тая қойған жоқ екен. Жасыл алаң төріндегі бәсекеде олар өздерінің шеберліктерін паш ете білді.

«Қайсардың» бас бапкері Дмитрий Огай бастаған команда құрамында Руслан Балтиев, Сұлтан Әбілдаев, Анатолий Бельский, Сергей Кулинич және Талғат Сыздықов секілді ардагер футболшылар ойын көрсетті. Олардың ойын өрнектері жақсы әсер қалдырды.

Қайсарлықтар алдымен жанкүйерлермен ойнады. Қызылордалық ұжымның жергілікті кездесулеріне әрдайым қолдау білдіріп, арнайы фан-клуб ұйымдастырған жастар әуелгіде тәп-тәуір тегеурінді қарсылық көрсеткенмен уақыт өте келе бапкерлер құрамы басымдығын көрсете бастады. Осының нәтижесінде олар нәтижелі пастар шығарып, бірнеше допты қақпаға тоғытып үлгерді. Кездесу барысында жанкүйерлер де гол соқты.

Келесі кезекте журналистер де едәуір қарсылық танытты. Жергілікті мерзімдік басылымдарда қызмет ететін Әділбек Жақанов, Жомарт Бәкарамов, Асқар Тәжиев, Тәжімұрат Әлжанов, Қайрат Рабаев, Әлібек Байшүленов және «Қайсардың» баспасөз хатшысы Әзиз Жұмаділов бұрынғы кәсіби футболшылармен терезесі тең деңгейде ойын көрсетуге тырыс­ты. Жолдастық кездесу соңынан оған қатысушылар естелік суретке түсті.

Ә.ТҰРСЫНБЕКҰЛЫ.
ДОДА 24 мамыр 2014 г. 1 028 0