«ҚАЙСАР» ҮЗДІК ҮШТІККЕ КөТЕРІЛДІ

Футболдан ел біріншілігі жалауын көтеретін тұста сарапшылар «Қайсарды» турнир кестесінің төменгі жағында болады деп тұспалдаған еді. Доп додасы қарқын алған тұста бұл жорамалдың дұрыс айтыла қойған жоқтығын аңғарып отырмыз. Жерлестеріміз әрбір тур сайын өздерін жақсы қырынан танытып, қажетті үш ұпайды қоржынға салып отыр.

Қызылордалық футболшылар биылғы біріншілікте соңғы рет осыдан бес тур бұрын жеңіліс тапқан еді. Содан бері «Қайсар» командасы төрт мәрте жеңіске жетіп, бір ойында тең ойнады. Жеті мәрте нысананы мүлт жібермей, өз қақпасынан 3 доп қана алып шықты. Осының нәтижесінде турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді. Оған өткен жексенбіде сырт алаңдағы «Таразды» 1:0 есебімен жеңгеннен кейін қол жеткізіп отыр. «Қайсардың» эстониялық шабуылшысы Римо Хунт ойынның 89-минөтінде кездесу тағдырын шешкен жалғыз допты қақпаға енгізді. Айта кетелік, біздің команда Жамбыл облысының клубын сол қалада 2007 жылдан бері жеңе алмай келе жатыр екен. Жексенбідегі ойынға дейін 37 мәрте кездесіп, оның 18-де тараздықтар басым түссе, 16 ойында жерлестеріміз жеңіске жеткен. Қалған үш кездесу тең нәтижемен аяқталған.

Соңғы турдағы өзге ойын нәтижелері төмендегіше: Қайрат – Жетісу 2:1, Ақтөбе – Шахтер 4:0, Ертіс – Спартак 5:0, Тобыл – Атырау 0:0, Астана – Ордабасы 1:1.

«Қайсар» ендігі ойынын 24 мамырда өз алаңында өткізіп, елорданың намысын қорғап жүрген «Астана» командасын қабылдайды. Айта кетелік, қызылордалық ұжым олармен ел біріншілігінде бірде-бір мәрте басым түсіп немесе тең түсіп көрген емес. Олар жеті мәрте кездесіп, барлығында да астаналық футболшылардың мерейі үстем болған. Біз жерлестеріміз 24 мамырда сол сеңді бұзады деген сенімдеміз.

 

Әділ ТАЛАП.
ДОДА 20 мамыр 2014 г. 945 0