Қазақ күресінен биыл үш елдің балуандары тұңғыш рет Азия чемпионатына қатысады

Ертең Астанада Қазақ күресінен өтетін Азия чемпионатына тұңғыш рет Шри-Ланка, Жапония, Иран елдерінің балуандары қатыспақ. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Қазақ күресі халықаралық қауымдастығының президенті Қанат Бозымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«Жыл сайын Қазақ күресі халықаралық федерациясының бастамасымен айтулы додалар өткізіліп келеді. Биыл да осы дәстүрден жаңылмай, үлкен жарысты өткіземіз деп отырмыз. Күні ертең тұңғыш рет Қазақ күресінен Астанада Азия чемпионаты өтеді. Чемпионатта Қазақстан сортшыларымен бірге Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан, Пәкістан, Өзбекстан, Шри-Ланка, Жапония, Иран, Қырғызстаннан келетін спортшылар өзара бақ сынасады. Ертеңгі Азия чемпионатына тұңғыш рет Қазақ күресінен Шри-Ланка, Жапония және Иран секілді елдердің балуандары қатысқалы отыр», - деді Қанат Бозымбаев. Еске сала кетсек, бұған дейін 26 тамызда Астанада «Дәулет» спорт кешенінде Қазақ күресінен Азия чемпионаты өтетінін хабарлаған болатынбыз. Чемпионатқа 11 мемлекеттен 77 спортшы қатыспақ. Балуандар 8 салмақ және абсолюттік дәреже бойынша сынға түседі. Жалпы чемпионаттың жүлде қоры 20 мың АҚШ долларына бағалануда. Әр салмақ дәрежесі бойынша жарыс жеңімпаздарына 1000 доллардан табысталады, ал күміс жүлдегерге 500, «қолаға» 300 доллардан беріледі. Абсолюттік салмақ дәрежесі бойынша алтын медаль иегеріне 3000 доллар, «күміске» 1500 доллар, қола жүлде иесіне 1000 доллар табысталады. Астанада өтетін Азия чемпионатында ел намысын 9 балуан қорғайды.



ДОДА 25 тамыз 2018 г. 1 027 0