МҰЗ АЙДЫНЫНДА МЫҢ БҰРАЛҒАН

Өрелі өнерімен спортсүйер қауымды тамсантып жүрген Элизабет Тұрсынбаева тағы да алтыннан алқа тағынды. Сыр өңірінің тумасы Лиза Байтаққызының бұл биылдыққа үшінші алтыны болатын.
Былтырғы жылдың екінші жартысынан бастап канадалық әйгілі бапкер Брайан Орсердің қамқорлығындағы қаршадай қазақ қызының бағындырған белестері биіктей түсуде. Бар болғаны он төрт жастағы жерлесіміз жыл басында Словакияда өткен турнирде топ жарса, наурыз айында Италиядағы додада дара шыққан еді. Енді, міне, Словенияда жалауы желбіреген "Triglav trophy” жарысында жеңістің биік сатысынан қол бұлғады. Жасөспірімдер арасындағы аламанда бас жүлде үшін Оңтүстік Кореяның үкілі үміті Лим А Хьюн мен алманиялық Алиса Шайдтқа шаң қаптырды.
Талай байрақты бәсекелерде атой салған Эшли Вагнер мен Акико Судзуки, Ванкувер олимпиадасының жеңімпазы Эван Лайсачек осы додада бас жүлдені олжалаған болса, білікті бапкерге жолыққан дарынды жерлесіміздің де бақ жұлдызы жанатын күн алыс емес.
Ердің жасынан енді ғана асқан Брайан көп маманның бірі емес. Орсердің шекпенінен талай чемпиондар шыққан. Олардың қатарында Ванкувер олимпиадасының жеңімпазы Ким Ен А, Сочи олимпиадасының жеңімпазы Юдзурю Ханю, сондай-ақ Адам Риппон, Кристина Гао, Элене Гедеванишвили, Хавьер Фернандес, Синтия Фанеф, Соня Лафуэнтэ, Беата Папп сияқты жұлдыздар бар десек, сол мықтылардың жеңісті жолы Элизабетке де жұғысты болып, қазақ қызының бағындырар биіктері көп болғай демекпіз.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.

ДОДА 15 сәуір 2014 г. 935 0