ӘЛЕМДІ АРБАҒАН АЛА ДОП

Футболдан Әлем чемпиона­тының топтық кезеңі соңына жетті. Үздік командалар 1/8 финалына жолдама алып, чемпионатты жалғастырмақ. Өз тобының үздіктері енді өзге топ мықтыларымен бақ сынасатын болады.

Биылғы аламанда VAR жүйесі (төрешілерге бейнекөмек жүйесі – Video assistant referee) кеңінен қолданылуда. Осының арқасында қаншама пенальтидің «бағы ашылып», қаншама айып добының күші жойылды. Ал Иран – Испания кездесуінде Испанияға гол соққан Саид Эззатолахидің голы есепке алынбады. Осылайша, Иран VAR арқылы голы есептелмей қалған бұл мундиальдағы тұңғыш команда атанды.

Бразилия құрамасы 40 жылдан бері дәл биылғыдай Әлем чемпионатының алғашқы матчында сәтсіздікке ұшырамаған болатын. 1978 жылы бірінші кездесуде Швециямен тең түскен олар содан бергі старттық кездесулердің бәрінде жеңіске жетіп келген. Осы чемпионатта тұңғыш ойындарын Швейцария командасымен ойнап, 1:1 есебімен аяқтады.

Ресей құрамасы топтық турнирден алдымен шықты. Ресей – Египет кездесуі Әлем чемпионаты басталғалы бері ең көп жанкүйер тамашалаған ойын ретінде тіркелді. «Санкт-Петербург» аре­насына 64 468 адам келген. Айт­пақшы, қос құрама тарихта тұңғыш рет кездесті. Жалпы, Ресей Әлем чемпионаттарында бірде-бір рет африкалық құрамалардан жеңіліп көрмепті. Ал Египет әзірге әлем чемпионаттарында бірде-бір рет жеңіске жетпеген құрама ретінде басқалардан «ерекшеленеді». Сондай-ақ, Ресей әлемдік доп додасында ешқашан топтан шығып көрмеген. Бұл жолы плей-офта ойнау мүмкіндігі туындап тұр.

«Тарих – тек чемпиондарды ғана есте сақтайды» деген тәмсіл бар, хорваттардың ойыны осыдан 20 жыл бұрынғы доп додасын еске салды. 1998 жылғы әлем чемпионатына Хорватия тәуелсіз ел ретінде алғаш рет қатысып, үздік үштіктен көрінген. Содан бері қанша буын алмасып, неше бапкер қызметінен кетсе де, олардың ойынында бір нәрсе ғана өзгерген жоқ. Ол – соңына дейін күресу. Хорватия Аргентина қақпасына 3 гол соғып, әлем футболында өздерінің орны бар екендігін көрсетті. Аргентина 60 жылдан бері алғаш рет әлем чемпионатында 0:3 есебімен жеңілді.

Ресейдегі әлем чемпионаты мықтыларды анықтап қана қоймай, «Алтын доптың» да тағдырын шешетіні белгілі. Ал Роналду мен Мессидің мансабында тап осы мундиал басты рөл ойнайтыны сөзсіз. Екеуінің де жасы келіп қалды, екеуіне де алтын жалатылған кубок керек. Әзірге, бұл мақсатқа Роналду сенімді түрде аяңдап барады. Алғашқы екі матчта төрт гол соққан португалиялық шабуылшы мергендер көшін бастап тұр. Ресейде соққан доптары осыған дейінгі үш әлем чемпионатындағы жалпы голдарынан да асып түсті. Алдағы матчтарда да Криштидің қарап қалмайтыны анық.

Мергендер көшінде Роналдуды өкшелеп келе жатқан ойыншы – ресейлік Денис Черышев. Әйгілі «Реалдың» мектебінде тәрбиеленген Денис өз құрамасына нағыз керек кезінде қосылды. Одан бөлек, жас талант Александр Головин мен ебедейсіз қимылымен-ақ көп шаруаны шешіп жүрген Артем Дзюбалар әлем чемпионаттарында алысқа шауып көрмеген ресейліктердің рухын бір көтеріп тастады.  Біріншілік басталғанға дейін ойыншылар мен бапкерін жерден алып, жерге салған ресейлік БАҚ Станислав Черчесовты ұлт қаһарманына айналдыра салды. Енді ше, Ресей әзірге қарсылас қақпасына ең көп гол соққан (8) чемпионаттағы жалғыз команда.

Әлем чемпионаты кезінде көптеген ірі компаниялар жақсы жарнама жасап, істерін алға жылжытып жатқанда Германия экономикасы футболдан зардап шегіп жатыр. «Deutsche Welle» агенттігінің есептеуінше, Германия-Оңтүстік Корея ара­сындағы ойын кезінде неміс жұ­мысшыларының 30 проценті қызметтерін тоқтата тұрып, ойын тамашалаған. Соның кесірінен Германия экономикасына 200 миллион еуро көлемінде зиян келген. Енді кәсіпорын басшылары шығынға бата қоймасы анық. Өйткені, немістер топтық кезеңнен өте алмады.

Әлем чемпионатынан Германия кеткенімен, одан өзге фавориттер дін аман. Жарысты одан әрі жалғастырып, плей-офф сатысына шығып алды. 1/8 финалдың басты ойыны Франция мен Аргентина арасында өтетіні анық. Ал Уругвай мен Португалияның да кездесуі тартысқа толы болатынына сенім мол. Егер Португалия ширек финалға өтсе, ал Аргентина франциялықтарды тізерлетсе, онда Леонель Месси бастаған команда Криштиану Роналдудың ұжымына қарсылас атанады. Жанкүйер қауымының күтіп отырғаны да осы. Екі жүйріктің қайсысы мықты екеніне сол ойында жауап аламыз дейді. Бірақ бір айта кетерлігі, Португалия да, Аргентина да 1/8 ойындарында фавориттер қатарына жатпайды. Қақпасына әлі гол жіберіп көрмеген Уругвай Португалия­ны Кавани мен Суарестердің арқасында әбігерге салары сөзсіз. Ал Мбаппе, Жиру, Гризман бастаған франциялықтар қорғанысы осал Аргентинаны қыспақтап көреді.

Биылғы бірін­шілік голдарға бай болып тұр. Күні кеше ғана Швейцария – Коста-Рика арасындағы ойында Солтүстік Амери­кадан келген қонақ­тар гол соқты да, мундиаль есеп-қисабына ерекше өзгеріс енгізді. Бұрындары чемпионатқа келген командалардың бірнешеуі гол соқпай қайтып кететін. Бұл жолы Ресейге ат терлетіп келген 32 команданың барлығы да голдан құралақан емес. Айтпақшы, биылғы чемпионат осы кезге дейінгі біріншіліктер тарихында ең көп автогол соғылған жарыс болып тұр. Мексика-Швеция ойынында Эдсон Альварес өз қақпасына гол соғып алды да, биылғы додадағы 7 автоголды тіркеді.  Тартысқа толы аладоп аламаны алдағы күндері қалың көрерменді қайтадан қызыққа батырғалы тұр.

1/8 финалға шыққан 16 құрама анықталып, қарсыластар белгілі болды. Соңғы болып G тобындағы ойындар өтті. Бұл топта плей-офқа Бельгия мен Англия құрамалары екі турдан кейін-ақ жолдама алып үлгерген-ді. Соңғы турда бірінші және екінші орындарды өзара бөлісті. 51-минутта Аднан Янузайдың соққан голы Бельгия құрамасына жеңіс сыйлады. Нәтижесінде Англия Колумбиямен, Бельгия Жапониямен кездесетін болды.

1/8 финалдағы ойындар 30 маусым мен 3 шілде аралығында өтеді.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,

«Сыр бойы».

ДОДА 02 шілде 2018 г. 680 0