БЕЛІ БЕРІШ БЕРЕН ҰЛ

Мәскеу қаласында самбодан өткен Әлем кубогында Қазақстан құрама командасы жақсы өнер көрсетіп, төрт жүлде еншіледі. 

Осы сында жерлесіміз Ғалымжан Абдрахманов төрт рет татамиге шығып, күрестің әдіс-тәсілін шеберлікпен іске асыра білді. Ол алғашқы кездесуінде итальяндық спортшыны 8:0 есебімен ұтты. Екінші белдесуінде Қырғызстан спортшысымен тең түсіп, жартылай сайыста  моңғол палуанын таза жеңді. Ал ақтық сайыста ресейлік спортшыға ұпай беріп, кеудесіне күміс медаль тақты. Сәл ғана сәтсіздік аяқтан шалмағанда, алтын жүлде де алыс емес-ті. 1993 жылы Қармақшы ауданында дүниеге келген Ғалымжанның спорттық жолы біз айтып отырғандай алтынға лайық екенін дәлелдейді.

Ол қазақ күресімен қатар, самбо және дзюдомен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақ күресінен екі дүркін Әлем чемпионы, бірнеше мәрте халықаралық жарыстардың жеңімпазы, самбодан Қазақстан, Азия чемпионаттарының қола жүлдегері, Азия ойындарының қола жүлдегері, ҚР Президентінің жүлдесі үшін өткен Әлем кубогының жеңімпазы.

Ғ.Абдрахманов облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінде тәлім алады. Талай балуанның бағын жандырған ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушылары Болат Кенеев пен Әділбек Серікбаев секілді   мықтылардың шәкірті.  

Енді ол мамыр айында Моңғолияда, қарашада Румынияда болатын Азия және Әлем чемпионаттарына жолдама алу үшін сәуірдің алғашқы аптасында  Жезқазғанда өтетін Қазақстан чемпионатында бақ сынайды.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы».

ДОДА 31 наурыз 2018 г. 1 172 0