БАЛУАНДАР ОЛЖАЛЫ ОРАЛДЫ

Шымкент қаласында 1997-1999 жылдары өмірге келген өрендер  арасында грек-рим күресінен ел біріншілігі мәресіне жетті. Еліміздің барлық аймағынан жиналған жеткіншектер 10 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсіп, жеңімпаздарды анықтады. 
 Сыр өңірінен барған балуандар қатарынан 85 келіде Олжас Сырлыбай ақтық сынға дейін алқынбай жетті. Ол төрт кездесуде қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді. Ақтық сында жамбылдық Дінмұхаммед Қазыкеевпен белдесіп, одан да айласын асырып кетті. Осылай ел біріншілігінде алтыннан алқа тағып, ел чемпионы атанды. Ал Руслан Тұрсынбек пен Әлихан Іздік қола жүлдені еншіледі. Спортшылар сәуір айында Түркия елінде болатын халықаралық турнирде ел намысын қорғау үшін үстіміздегі жылдың 15 наурыз-2 сәуір аралығында Алматы қаласына оқу-жаттығу жиынына барады. 
Сондай-ақ, осы дүбірлі додадан кейін  Шымкент қаласында грек-рим күресінен 1994-1996 жылдары өмірге келген жастар арасында ел біріншілігі жалғасын тапты. Онда біздің облыстан 55 келі салмақта Айдос Сұлтанғали  (ЖСШМ) чемпион атанды. 96 келіде Ерсайын Сайфулин күміс жүлдегер болса, 74 келіде Дінмұхаммед Дүкенбаев пен 120 келіде Еркебұлан Әлиев (үшеуі де №1 ОМБЖОРМ) үшінші орынды иеленді.

ЖЕҢІЛ АТЛЕТТЕР САЙЫСҚА ТҮСТІ
Қарағанды қаласында өткен жеңіл атлетикадан жастар мен жасөспірімдер арасында ел біріншілігінде жерлестеріміз жүлделі орындардан көрінді Жарыс ұзындыққа секіру, қашықтыққа жүгіру, кедергілер арқылы жүгіру және өзге спорт түрлері бойынша өткізілді. 
Ұзындыққа секіруден үшінші орын Анжела Сайдгазиеваның (1992-1994 жылғылар арасында) еншісіне бұйырды.  Ал1999-2000 жылдардағы кіші жасөспірімдер арасында сынға түскен Светлана Саунина 1000 метр қашықтыққа жүгіруден және 1500 метр кедергілер арқылы жүгіруден жеңімпаз атанып, І спорттық разряд нормативін орындады. Сондай-ақ, Азамат Құлдас 600 метрге жүгіруде бірінші орынды иеленсе, 60 метрге жүгіруде Руслан Байшинге үшінші орын бұйырды. 
Спортшылар №4 облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығады. Біздің спортшыларымыздың жаттықтырушылары – Владимир Лептиков, Наталья Лептикова, Руслан Омаров және Дмитрий Панов жастарды жақсы дайындаған.
Әділ ТАЛАП.
ДОДА 06 наурыз 2014 г. 1 532 0