Дені сау ұрпақ кемел келешектің кепілі екені белгілі. Саламатты өмір салтын ұстанатын адамдар айналасына үлгі болып қала бермек. Соңғы жылдары балалардың спортқа көптеп баруы байқалады. Бұған дәлел ретінде Бағлан Момынханов басқаратын №254 орта мектеп оқушыларының жетістігін атап өтейік.
Бұл білім ошағындағы жеткіншектер түрлі спорт үйірмелеріне қатысады. «Шынықсаң, шымыр боласың» дегенді жадыларына жақсылап түйген балғындар жарыстарға да қатысып, топ жарып жүр. Белгілі спортшы, кәсіптік білім беру саласының үздігі Сақытжан Мүсеновті еске алуға арналған турнирде Асылхан Ибадуллаев, Сәбит Досанұлындай осы мектептің оқушылары топ жарды. Бұл жерде Қамбар Шалабековтей бапкердің ерен еңбегі жатқанын айта кеткен жөн. Тыңғылықты дайындық пен үздіксіз жаттығудың арқасында мектеп командасы республикалық турнирде үздік үштіктен көрінді.
Бұл білім ордасындағы шәкірттердің спорттағы табысы мұнымен бітпейді. Жаңақорған аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен еркін күрестен өткен турнирде де топ жарды. Аталған жарыста Үсенбай Әділет, Сағындық Қанағат, Жұмахан Нұрбах, Әділбек Досжандай жас спортшылар жеңімпаздар қатарынан көрінді.
Н.САҒАТҰЛЫ.