Киокушинкай каратэден жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында Одесса қаласында өткен әлем чемпионатында еліміздің құрамасы өз қоржынын 12 алтын, 4 күміс, 1 қоламен толықтырды.
Жерлесіміз Айбек Шаукилов жастар арасында бақ сынасып, алтын медаль иеленді. Ол жарыс барысында төрт жекпе-жекке шығып, ақтық сында Украина спортшысын 4:0 есебімен ұтып, әлем чемпионы атанды.
А.Шаукилов 2001 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Бұл спорт түрімен сегіз жасынан бастап шұғылданған. Айбек бүгінге дейін жасөспірімдер және жастар арасында ҚР чемпионатының екі мәрте күміс жүлдесіне қол жеткізіп, ҚР кубогының иегері атанған.
Оны жарысқа бапкері Бауыржан Мұханов дайындаған. Қазіргі таңда спортшы №101 орта мектептің 11-сыныбында оқиды.