Орта салмақтағы төрт бірдей бокс тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварестің командасы боксшылардың екінші жекпе-жегін өткізу жайында келісімге келіп, өтетін уақытын мақұлдады.
Бұл бокс думаны 5 мамыр күнгі Мексиканың ұлттық мерекесімен тұспа-тұс келетін секілді. 1862 жылы дәл осы күні мексикалықтар Пэубла түбіндегі шайқаста жеңіске жеткен. Сондықтан да бұл күні күнқағар қалпақтылардың әлем назарында болуы мерекедегі керемет бір сый болғалы тұр.
Бірақ, GGG қарсыласының мұндай артықшылығынан сескенген жоқ. Ол тіпті бокс Мексиканың өзінде өтсе де бәрібір деген. Бірақ дүние көз тіккен кездесудің қай жерде өтетіні әлі белгісіз. Мүмкін Далласта, әлде Нью-Йоркте немесе Лас-Вегаста болар, алайда оның маңызды емес екенін айттық.
Мына нәрсені еске түсіре кеткеніміз дұрыс. Сауль Альварес кәсіпқой бокстағы 49 кездесуінің 46-сында жеңген, 2-інде тең түсіп, 1-інде жеңіліс тапқан. Ал, қазақ елінің мақтанышы Геннадий Головкин 37 кездесуінің 36-сын жеңіспен аяқтап, 1 рет қана тең түскен. Көрген көз де, бокс мамандары айтқан сөз де әділ болмады деген тең есептің нәтижесі өткен жылдың 16 қыркүйегінде осы Альвареспен болған жекпе-жекте тіркелген еді.
Жекпе-жекке Альварес сияқты жалғыз атағын емес, төрт бірдей чемпиондық белбеуін тігіп отырған Головкин қазақша айтқанда, «ия бел кетер, ия белбеу кетер» деген батырлыққа барып отыр.