ШАРШЫ АЛАҢ ШЕБЕРЛІКТІ ШИРАТАДЫ

Осы аптаның сейсенбісінде Қызылорда қаласындағы «Евразия» спорт кешенінде 1996-1997 жылдарда өмірге келген жастар арасында бокстан Қазақстан біріншілігінің ашылу рәсімі өткізілді. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, жарысқа келген өрендерге өз тілектестігін білдірді. 
Соңғы жылдарда облыстың спорт саласында іргелі істер атқарылып келеді. Аймақтың бірқатар аудандарында жастардың сергектікті серік етуіне қолайлы жағдай жасалған ғимараттар бой көтерсе, шағын футбол алаңдары бұрынғыдан көбейе түсті. Сондай-ақ, жергілікті «Қайсар» командасының материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында біршама жұмыстар атқарылып келеді. Осындай оң істердің нәтижесінде біздің облыс жастары түрлі дүбірлі додаларда ел намысын абыроймен қорғап, елдегі тілеулес ағайынға толайым тарту жасап жүргені белгілі. 
Өткен жылдың қорытындысымен қызылордалық ұландар әлем және құрлықтық біріншіліктерде 74 медаль олжалап қайтты. Былтыр ауыр атлетикадан ересектер арасындағы әлем біріншілігінде жерлесіміз Алмас Өтешов күміс жүлдегер атанды. Сонымен қатар, дзюдодан Бауыржан Жауынтаев біздің еліміздің тарихында тұңғыш рет жасөспірімдер арасында Әлем чемпионы атағына қол жеткізді. 
Сыр саңлақтары тек бұл жетістікпен шектеліп қалған жоқ. Олар жыл бойында 31 алтын, 26 күміс, 17 қола медальды қанжығаға байлады. Ел біріншіліктерінде де көптеген жүлделер қоржынға түсті. Жерлестеріміз барлығы 155 алтын, 126 күміс, 201 қола жүлдеге ие болды. 
Былтыр облыс спортшылары арасынан 2 Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері, 2 халықаралық дәрежедегі спорт шебері шықты. Оған қоса, 46 Қазақстан Республикасының спорт шебері әзірленіп, еліміздің ұлттық құрамаларына 257 спортшы енді. 
Аталмыш шара барысында 2013 жылдың қорытындысы бойынша әлем және Азия чемпионаттарында жеңімпаз және жүлдегер атанған спортшыларды марапаттау рәсімі өткізілді. Облыс әкімі 45 спортшы мен 2 бапкерге марапат жасап, оларға қаржылай қолдау көрсетті. Бұл марапатқа ие болғандар қатарында дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Бауыржан Жауынтаев, самбодан жастар арасындағы әлем чемпионы Диана Сәдуақасова, ауыр атлетикадан Азия кубогының күміс жүлдегері Әділбек Балқаев сынды өрендер бар. Аймақ басшысы жеңімпаз спортшылармен бірге естелік суретке түсті. 
Осыдан кейін ел біріншілігінің ойындары одан әрі жалғасты. Аталмыш жарысқа Астана, Алматы қалалары мен барлық облыс орталықтарынан 200-ге жуық спортшы келді. Олардың қатарында жасөспірімдер арасында әлем чемпионы болған астаналық Рахат Мыржықпаев, Азия чемпионы, қарағандылық Владислав Сталбовский, Азия чемпионы, әлем біріншілігінің жүлдегері Мазур Стоян, әлем чемпионатында бақ сынаған қызылордалық Сабыржан Әбілов, әлем чемпионатының жүлдегерлері – оңтүстікқазақстандық Бауыржан Темірхан және жамбылдық Әлімжан Бескемпір бар. Мамандардың айтуынша, ел біріншілігінде чемпион атанған боксшыларға Қазақстан Республикасы спорт шебері атағы беріледі. Жарыс 11 салмақ дәрежесі бойынша өткізіледі. Аталмыш жарыста біздің облыстан 15 өрен бақ сынап жатыр. Жарыс наурыз айының 2-ісі күні мәресіне жетеді. 
Әділжан ҮМБЕТ. 

ДОДА 27 ақпан 2014 г. 1 062 0