Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 80 жылдық мерейтойына орай тоғызқұмалақтан жарыс өтті. Жарыс қатысушыларына университеттің оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры, профессор Бақытхан Әбдікәрімов пен облыстық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Бауыржан Елеусінов сәттілік тіледі.
Дода барысында ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, әйелдер арасында Әлемнің 8 дүркін чемпионы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Әсел Далиева мен ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, ерлер арасында Әлемнің 3 дүркін жеңімпазы Хакімжан Елеусінов ойыншыларға шеберлік сабағын өткізіп, тəжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, бір мезгілде қатарынан 80 қатысушымен тоғызқұмалақ ойнады.
Жарыс қорытындысында Әлем чемпиондарынан тайсалмай тайталаса ойнаған 11 жасар Рыскелді Кенжебекке «Үздік ойын көрсеткені үшін» жəне 9 жасар Дания Жəдігерге «Ең жас ойыншы» марапаты берілді. Барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар алғыстарын білдірді.
– Мен осы тоғызқұмалақ клубынан зияткерлік ойынның қыр-сырын меңгеріп, үлкен спортқа жолдама алғанмын. Ендігі арманым тоғызқұмалақ ойынын дамытып, оны әлемге танытатын чемпиондарды даярлайтын академия ашып, шəкірт тəрбиелеу, – дейді Әсел Далиева.
Жарыс тоғызқұмалақ ойынын облыс көлемінде кеңінен насихаттау және бұқаралық сипатын арттыру, спорттық шеберлікті және зияткерлік қабілетті қалыптастыру, университеттің үздік тоғызқұмалақшыларын анықтау мақсатында ұйымдастырылды.
Н.САҒАТҰЛЫ.