Ресейдің Сочи қаласында өткізіліп жатқан қысқы Олимпиада ойындарының кеше бесінші жарыс күні мәресіне жетті. Бүгінгі күнге дейін қаншама медальдар сарапқа салынып үлгерді.
Соңғы деректер бойынша жалпыкомандалық есепте медаль алу жөнінен Норвегия спортшылары көш бастап келеді. Қазіргі таңда олардың үлесінде барлығы 11 жүлде бар. Оның 4-і алтын, 3-і күміс, 4-і қола. Екінші орында канадалықтар келеді, олардың қоржынына 9 медаль (4-3-2) түскен. Үздік үштікті Германия құрамасы 5 жүлдемен (4-1-0) қорытындылап тұр. Ал дүбірлі дода өтіп жатқан Ресей елінің спортшылары барлығы 7 медаль еншілегенімен, жетінші орыннан әріге аса алмай тұрған жайы бар. Өйткені, орыс спортшылары қазірге дейін бар-жоғы 1 ғана алтын алса, 3 күміс, 3 қолаға қол жеткізді. Өкінішке орай, айтулы аламанға 60-қа жуық жастарды үкілеп қосқан біздің еліміздің құрамасы әлі бірде-бір жүлде ала алған жоқ.
Жарыстың алғашқы күнінде, 8 ақпанда скиатлоннан 15 шақырымға жарыс жолына шыққан Елена Коломина мәре сызығын 40-шы, оның әріптесі Анастасия Слонова 41-ші болып қиса, тағы бір қазақстандық Татьяна Осипова 57-ші орыннан көрінді. Конькимен жарысуда Дмитрий Бабенко да бабында болмады, ол 5000 метр қашықтыққа сайыста 15-ші орынға әрең қол жеткізді. Сол күні биатлонның спринт түрінен біздің елімізден 4 спортшы қатысқан еді. Алайда, олардың барлығы да алдыңғы лектен көріне алған жоқ. Қазақстандықтар қатарынан Ян Савицкий 43, Сергей Наумик 59, Антон Пантов 80, Диас Кенешев 87-орында болды. Ал тұғырдан секіруде Алексей Пчелинцевке 46, Марат Жапаровқа 49-орын бұйырды. Фристайл түрінен Дарья Рыбалова мен Юлия Галышеваның көрсеткіштері жүлдеге қол жеткізуден алыс қонды. Келесі жарыс күнінде сайысқа түскен шорт-трек түрінен спортшылар Айдар Бекжанов пен Денис Никиша 1500 метр қашықтықта бақ сынағанымен, олардың көрсеткіштері көңіл демдерліктей бола қойған жоқ. Осы жарыста 500 метрге бәсекеге түскен Инна Симонова да өз жанкүйерлерін қуанта алмады. Конькимен жарыста Роман Креч те жанкүйерлер үмітін ақтамады. Жарыстың келесі күнінде биатлоннан Я.Савицкий, С.Наумик, шана спортынан Елизавета Аксенова, фристайлдың могул түрінен Дмитрий Рейхерд, Павел Колмаков, Дмитрий Бармашов үздіктер қатарында қол созым жақын келіп, орынға орныға алмады.
Қысқы Олимпиада ойындары енді он күннен кейін мәресіне жетеді.
Ә.ТҰРСЫНБЕКҰЛЫ.
ФУТБОЛ ТӨРЕШІЛЕРІН ДАЙЫНДАУҒА МӘН БЕРІЛУДЕ
Сыр өңірінің төрт төрешісі еліміздің белді футбол арбитрларымен бірге Түркияда өтетін оқу-жаттығу жиынына қатысып, біліктіліктерін шыңдап қайтады. Тағы жетеуі өз тәжірибесін еліміздің өзге өңірлерінде өтетін жиындарда арттырады.
Облыстық футбол федерациясы өткізген «дөңгелек үстелде» осы жағымды жаңалық айтылып, бұл бағытта атқарылатын жұмыс барысы сарапқа салынды. Облыстық футбол федерациясының вице-президенті Асқар Серековтің айтуынша, жаңа футбол маусымы жақындап қалғандықтан, аймақтың төрешілері деңгейін арттыруға мән беріліп отыр.
Федерацияның төрешілік-нұсқаушылық комитетінің төрағасы Акмал Холматов аймақтағы арбитрлардың мәселесімен таныстырып, шалғай аудандарда білікті төрешілердің жетіспей отырғанын жеткізді. Оны шешудің жолы ретінде спорт-интернаттарына шалғай ауылдардан жеткіншектерді іріктеп, оларды кішкентайынан төрешілікке баулу керектігіне тоқталды. Оның айтуынша, Сыр өңірінде қыздар төрешілері мүлдем жетіспейді.
Бүгінде Халықаралық дәрежедегі ФИФА ассистенті Серік Жаппасбаев Қызылорда қаласындағы «Жас арбитрлар мектебінде» 18 төреші тәлім алатынына тоқталды. Әлі де іріктеу өткізілуде. Айта кетейік, сол 18 төрешінің 11-і Қазақстан футбол федерациясының ұйымдастыруымен өтетін маусым алдындағы әркелкі жиындарға қатысуға мүмкіндік алды.
Әділ ТАЛАП.