Қызылорда қаласындағы «Мұз айдыны» спорт кешенінде волейболдан Ауған соғысының ардагерлері арасында республикалық турнир өтті. Оған Астана, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар және Қызылорда қаласынан 7 команда қатысты.
Турнирдің ашылу салтанатына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл қатысып, командаларға сәттілік тіледі.
– Он жылға созылған соғысқа Қазақстаннан 22 мың адам қатысқан. Олардың әрқайсысы ерлік көрсетті. Ал, турнирдің мақсаты – Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет білдіре отырып, жастарға патриоттық тәрбие беру. Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдық сезімін қалыптастыру. Сондай-ақ, Ауған соғысы ардагерлерінің ерліктерін ұрпақ жадына сақтау болып табылады.
Бүгін сіздер еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, бір-бірлеріңізбен қауышып жатырсыздар. Өткенді еске алып, болашақ жайында ой қозғап, сыр шертуге де зор мүмкіндік туып отыр. Біз сіздердің ерліктеріңізді үлгі етеміз және мақтанамыз,-деді облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы.
Биыл екінші мәрте ұйымдастырылған шараға 48-58 жас аралығындағы ардагерлер қамтылды. Сонымен тартысты өткен сайыс мәресіне жетіп, жүзден жүйрік анықталды. Нәтижесінде Алматы облысының командасы Астана қаласының ардагерлерін 2:1 есебімен жеңді. Үшінші орынды Қызылорда командасы иеленді.
Ал, жарыста «Үздік ойыншы» номинациясымен Азат Ментаев, Қуат Иманханов, Сергей Любовский, Ақылбек Аманов, Сапарғали Мұқашев және Мырзабек Абраев секілді бірқатар азаматтар марапатталды. Жарыста ерекше ойын үлгісін көрсеткен Атырау, Ақтөбе, Павлодар облысының командалары «Белсенді қатысқаны үшін» жүлдесін олжалады.
Турнир қорытындысы бойынша барлық командаға сый-құрмет көрсетілді.
Сара АДАЙБАЕВА.