ЖЕРГІЛІКТІ СПОРТШЫЛАР ЖЕҢІСІ

«Еуразия» спорт кешенінде халық батыры Текей Қарпықұлының 350 жылдығына арналған қазақ күресінен түйе палуандар арасында республикалық ашық турнир өтті. Дүбірлі додаға Өзбекстан Республикасы мен Павлодар, Қызылорда облыстарынан 14 палуан қатысты.
Қазақ күресі – Сыр өңірінде қарқынды дамып келе жатқан спорт түрі. Оған дәлел ретінде халықаралық, республикалық жарыстардан жүлделі орын алып жүрген жерлестерімізді атап өтуге болады. Алғашқы «Қазақ барысы» атанған Ұлан Рысқұл, одан кейінгі Руслан Әбдіразақов секілді білекті жігіттер ел мерейін үстем етіп жүр. Олардың қатарында биыл ғана «Барыс» атанған Еламан Ерғалиев та бар. Осындай алыптардың жеңісті жолын жалғайтын спортшылар қалада өткен турнирде көптің ықыласына бөленді.
Балуандар белдесуінде жергілікті спортшылар жерге қараған жоқ. Бозкілемде барын салып, жүлделі орындарға жайғасты. Еламан Ерғалиев осы жарыстың бас жүлдесін алып, 1,5 млн теңге иеленді. Екінші орынға қызылордалық палуан Мақсат Исағабылов орнықты. Ол 700 мың теңгені қанжығасына байлады. Ал үшінші орын қармақшылық Марат Баймахановқа бұйырып, 500 мың теңгенің сертификатын алды.
Өздерінің мықтылығын дәлелдеген спортшыларға алғыс хаттар табысталды.
М.ЖАСҰЛАН.
ДОДА 31 қазан 2017 г. 833 0