« Қаңтар 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | ||
6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 |
13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 |
20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 |
27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
Өткен аптаның сенбі, жексенбі күндері Қызылорда қаласындағы «Еуразия» спорт кешенінде қоғам қайраткері, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Болатбек Сүлейменовті еске алуға арналған дзюдодан жастар арасында халықаралық турнир өтті.
Туған жердің туын еңкейтпей, аймақ дамуына азаматтық үлесін қосқан ел ардақтысын еске ала отырып, жастардың саламатты өмір салтымен өсіп жетілуін мақсат тұтқан байрақты бәсекенің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов құттықтау сөз сөйледі.
Ол айтулы турнирдің жыл сайын қанатын кеңге жайып, осы шараның шапағатымен көптеген батыл, жігерлі, отансүйгіш жастардың қалыптасып келе жатқанына тоқталды, жарыс қатысушыларына жеңіс биігін тіледі.
Мұнан соң турнир қонағы, Б.Бұлқышев атындағы Қазақстан жастар одағы және Ұлттық Олимпиада комитеті сыйлықтарының иегері Қыдырбек Рысбек сөз алып, осындай дүбірлі спорт мерекесін жыл сайын жандандырып келе жатқан Сыр бойының елшіл азаматтарына, Сүлейменовтер әулетіне алғысын білдірді.
Сонымен бірге қоғам қайраткері, ҚР ҰҒА академигі Бақберген Досманбетов ұрпаққа өнеге болған Болатбек Сүлейменовтің ұстынды тұлғасына сөз арнап, жас балуандарға жарқын болашақ тіледі.
Биыл он жетінші мәрте ұйымдастырылған дүбірлі бәсекеге еліміздің 9 облысынан және Өзбекстан мен Қырғызстан елдерінен 27 команда келіп, 260 татами шебері турнир жүлделерін 16 салмақ дәрежесінде сарапқа салды.
Екі күнге созылған дзюдошылар додасы спорт кешені ішін қиқуға бөлеп, жанкүйерлердің көңілінен шықты. Соңғы жылдары Қызылорда спортының жаңа сапаға көтеріліп, жерлестеріміздің тек жеңіс тұғырынан ғана көріне бастағанын жұртшылық жақсы біледі. Оған осы өткен төрт-бес айдағы «Қазақстан барысы» атанған Еламан Ерғалиев пен бокстан өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған Қамшыбек Қоңқабаевтың атын атасақ та жеткілікті.
Ал, бұл бәсекеде сырбойылық ер балуандардың жеңіске деген аса құштарлығы танылмады. Оның басты себебі, белгілі шеберлердің шет асып, түрлі жарыстарға қатысу үшін жол үстінде жүргендігі. Оған «жүлдені қонақ алса екен, сый-құрметімізді еліне айта барса екен» деген қонақжайлылығымыз да қосылды. Дегенмен, қызылордалық қыздардың татамидегі тартысы өте белсенді көрінді. Мәселен, 44 кілә салмақта сынға түскен қыздар арасынан екі жерлесіміз озды, 1-ші орынды Бибіхан Нәбиева, 2-ші орынды Ақтоты Зәріп жеңіп алды. 48 кілә салмақта да қызылордалық қос қызымыз Аружан Темірғали мен Назерке Әбілтаева жеңіске жетті.
Жігіттер арасынан Оңтүстік Қазақстан облысы мен Өзбекстаннан келген балуандар жиі көзге түсті. Жеңімпаздардың барлығы мойындарына медаль тағып, ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Турнир қонағы, бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов осындай дүбірлі жарыстардың Сыр елінде өте жоғары дәрежеде ұйымдастырылатынын айта келіп: «Жастарды намыс пен жігерлілікке тәрбиелеп жатқан Болатбек әкеміздің бел баласы Сағатбек Сүлейменов бастаған ел азаматтарына мың алғыс. Сіздер аймақтың ғана емес, қазақ елі спортының дамуына зор қолдау көрсетіп отырсыздар» – деді ақеден алғысын білдіріп.
Біздің сөзіміздің түйіні де – осы.
Д.АЯШҰЛЫ.
« Қаңтар 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | ||
6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 |
13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 |
20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 |
27 | 28 | 29 | 30 | 31 |