Қыркүйек айының 11-17-сі аралығында Жапон елінің астанасы Токио қаласында жастар мен жасөспірімдер арасында каратэ-додан 7-ші әлем чемпионаты өтті. Дүбірлі додаға төрткүл дүниенің 54 мемлекетінен 3000-ға жуық спортшы қатысты. Осы чемпионаттан қызылордалық Сымбат Әлайдар мен Кемелбек Қабланбек күміспен күптеліп келді.
8-9 жас аралығындағы қыздар арасында сынға түскен Сымбат Мексика, АҚШ, Венесуэла, аргентиналық қарсыластарын қапы қалдырағанымен, финалдық кездесуде алаң иелерінің өкіліне тізе бүкті. Есеп 2:3. Кемелбек те қарсыласына осындай нәтижемен жол берді.
Сымбат – облыс орталығындағы Б.Шалғынбаев атындағы №217 орта мектептің 4- сыныбының оқу озаты. Ол жастығына қарамастан, республикалық және халықаралық жарыстарда бірнеше мәрте топ жарған. Биылғы Қазақстан чемпионы. Балауса спортшының басты жанкүйерлері атасы мен әжесі. Атасы Әлайдар Мамраимов Мәскеу қаржы-өнеркәсіп университетінің өңірлік орталығы директоры болса, әжесі Орынкүл Көлбаева – кәсіпкер.
Сымбаттың бапкері Нұрбол Тойшыбаев 1-ші дан «қара белбеу» иегері, халықаралық дәрежедегі төреші. Ол сондай-ақ, Кемелбек Қабланбекті де баптайды. Қазақстанның екі дүркін чемпионы Кемелбек өткен жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Қаладағы №3 мектеп-гимназияның 7-сыныбында оқитын ол оқу озаты. Оның атасы Ұлықбек Нұрмағанбетов мұнайшы. Спорт десе, ішкен асын жерге қоятын «қара алтын» маманы балғын спортшыларды күншығыс еліне бастап барды.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.