Альварес Головкинмен қалай тең түсті? Жылдың басты шайқасына шолу

Лас-Вегаста кәсіпқой бокста 2017 жылдың басты оқиғасы атанған жекпе-жек аяқталды.
Мұның алдында керемет жекпе-жектер ретінде көрерменге алдын-ала барынша ауқымды жарнамаланған бірнеше кездесу жұртшылық көңілінен шықпаған еді. Флойд Мейуезер мен Мэнни Пакьяо боксын бір кезде жанкүйер дегбірсіз күтті. Бірақ ол қызықсыз өтті, жұрт көргісі келген қиян-кескі шайқас болмады. Одан кейін Мейуезер мен ережесіз жекпе-жек шебері МакГрегордың рингте кездесетіні бокс әлемінің ғаламат оқиғасы ретінде жарнамаланды. Бәрі ақша үшін жасалғанын сарапшылар болжаса да ол жекпе-жекке қызығушылық жоғары болды. Ал кездесуден кейін көрермен алданып қалғандай күй кешті.
Головкин мен Альварес кездесуіне қатысты сарапшылар да, жанкүйер де бір пікірде болған еді: Бұл нағыз мықтылардың арасындағы нағыз шайқас болады, ол шынында биылғы бокстың басты оқиғасы.
Айтқандай, кәсіпқой бокстың бүгінгі екі супержұлдызы керемет бокс көрсетті. Алғашқы раундтарда бір-бірінен сескенетіні, барлап көргісі келетіні байқалды. Бұрын бірден рингтің ортасын иемденіп алып, қарсыласты қысып беретін Альварес бұл жолы сақ жүрді, инициативаны қазақстандық боксшыға берді. Алайда, алғашқы екі раундта ол өзінің контрпанчер ретіндегі шеберлігін жақсы көрсете алды. Головкин оған қысым жасады, күтіп алып ұрған «Канело» дәлдік жағынан басым болды. Нәтижеде кейін сарапшылар көрсеткендей, бірінші және екінші раундтарды мексикалық алды.

Үшінші раундтан GGG шабуылды үдетті. Ол көп ұрды, оның көпшілігі дәл тиді. Бірақ Головкин оң қолмен бар күшін салып ұрғанда Альварес одан жалтарып отырды, қай кезде бұлай ұратынын оның білетіні байқалды. Өз кезегінде Головкин де мексикалықтың жойқын апперкоттарынан секундтың бөліктеріне тең сәт бұрын жалт беріп отырды. Осы үшінші раундтарда Альваресте өзіне деген сенім пайда болды. Ол еркін қимылдауға көшті.

Төртінші раундтан бастап ұрыс Головкиннің бақылауына өтті. Ол өзінің жекпе-жекке дайындаған жоспарын сенімді іске асыра бастады. Әдеттегідей ылғи қысым жасап, көбірек ұрды. Альварес шегініп жүріп ара-тұра жарылған кезде аз да болса ауыр соққылары дарып отырды. Бірде ол бұрышқа тығылып тұрып Головкинді апперкотпен тамақтан ұрды. Головкин үшін бұл кездесудегі ең ауыр соққы осы болған сияқты.

Бесінші раунд шамамен тең өтті. Дегенмен, Головкин белсендірек болды. Әсіресе ол оң қолымен құлаштап ұрғанда басын бұрып жалтармақ болған Альварестің шүйде тұсына ол соққы жаман тиді. Қисайып бара жатып мексикалық арқанға сүйеніп қайта түзелді. Оған соққының ауыр болғанын сездірмеу керек еді. Сол себепті ол Головкинге қарап басын шайқады, «Жақсы-ақ соққы, бірақ менде бәрі ок!» дегендей. Бұл психологиялық әдісті жекпе-жекте Алварес көп қолданды.

Алтыншы раунд сөзсіз Головкиннің пайдасына кетті. Оның джебтері жақсы өтті. Раундтың басында ол «Канелоны» бұрышқа тақап, комбинациялық соққыларын дәл тигізді. Альварес бұл жолы ол соққылардан Мейуезер стилінде қорғана алмады. Головкин өте ақылды боксшы ретінде өзінің қателігін және қарсыластың артықшылығын бірден түсініп отырды. Раунд ортасына қарай мексикалық ахуалды теңестіргендей болған. Бірақ бәрібір «двойкасы» мен джебтері Альвареске кәдімгідей ауыр тигені сезілмей қалмады. Таза өткен жекпе-жектің осы сәтінде ғана Альварес сәл осалдық танытты: Головкиннің басын қолтығымен құшақтап тұрып қолын арқасынан апарып нұқып жіберді. Бірақ бірден кешірім сұрады.

Ұрыс қайта жалғасқан кезде Головкин оң қолмен шықшыттан періп кеп жіберді. Альварес қазақстандықтың ең қауіпті соққыларын жеңілдетуге әбден дайындалған екен: басын бір жағына бұрып жіберді, бірақ соққы бәрібір жақсы тиді.



Жетінші, сегізінші, тоғызыншы раундтар GGG басымдығымен өтті. Оның қос соққылары мен апперкоттары дәл тиіп, жанкүйері шулап отырды. Альварес қорғана жүріп арасында бүйірден ауыр соққылар жасауға тырысты. Жекпе-жекке комментарий жасаған Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев «Канелоның» осы әрекетіне назар аударды. «Альварестің бір жоспары бар сияқты» деді ол басында Головкин шабуылды үдетіп, ал мексикалық бұрышқа тығылған кездері. Кейінірек Артаев «Канелоның» жоспары неде екенін былай түсіндірді: «Альварес Генаның босаңсуына мүмкіндік беріп, сондай кездердің бірінде аса ауыр соққысын жұмсауды мақсат етіп жүр». Альварес расында төменнен бірнеше ауыр соққысын өткізді. Және раунд соңында оң қолымен алыстан жақсы ұрды.

Оныншы және он бірінші раундтарға мексикалық белсеніп шықты. Ол шегініп жүріп, күтпеген жерден шабуылға шығуға тырысты. Бірақ Головкин бәрібір оны ұдайы қысумен болды.

Соңғы раунд бұл кездесудің ең керемет кезеңі болды. Басында Альварес Головкиннің қорғанысын бұзып дәл соққылармен төпелеп жіберді. Алайда, раундтың екінші жартысында Головкин оның қарымтасын қайтарып, бірнеше мәрте мексикалықты солқылдата ұрды.

Қазылардың ішіндегі әйел төреші Эделейд Берд Головкин 118:110 есебімен жеңілді деген шешім шығарды. Кездесудің жалпы нәтижесінен гөрі нақ осы нәтиже жұрттың түсінбеушілігін туғызып жатыр. Қалайша, он раундта Головкин жеңілді? Бұл төреші нені есептеген? Әлде қазақстандыққа жеңісті бермеу мақсатын көздеген ұйымдастырушылардың төрешілер арасындағы сыбайласы осы адам ба? Әлемге танымал боксшылар бұл төрешіні қатаң сынап жатыр. "Бұл - тонау. Головкин айқын жеңді" деп жатыр олар.

Бұған дейін көрермендер ғаламат шайқас деп ұсынылған жекпе-жектердің түкке тұрмайтын болып шыққанына ренжісе, енді шынында жоғары деңгейде өткен боксқа төрешілердің шығарған шешіміне наразы.

Шамасы, біз бұл екі боксшының қарымта жекпе-жегін көретін сияқтымыз. Головкин оған дайын екенін айтты. Ол қашанда өзіне сенімді. Алайда, бұл кездесудің алдында GGG-де психологиялық басымдық болған еді. Бүгін Сауль Альварес Головкиннен қорықпауға болатынын көрді. Олай болса, қарымта кездесуді енді мексикалық талап етуі мүмкін.
ДОДА 18 қыркүйек 2017 г. 632 0