Өзгелерден дара туған,
Өр намыстан жаратылған.
Бабасының батырлығы,
Қанмен бойға таратылған,
Алатаудай алашымның,
Қаратаудай баласымын.
Қызылордалық жастар ережесіз жекпе-жектен Әлем¬нің екі дүркін жеңімпазы Ардақ Назаровты дәл осы әннің әуенімен күтіп алды. Облыстық жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығында» өткен жиынға рухты, жүректі өрендер қатысты.
Кездесу барысында А.Назаров бірлігі мықты елдің болашағы жарқын болатынын сөз етті.
– Жаңа оқу жылындағы алғашқы сапарымды Қызыл¬орда қаласынан бастап отырмын. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған бұл аймақта елдің ертеңгі тірегі боларлық азаматтар көптеп шығатынына сенемін. Қазір¬дің өзінде жігерлі жастардың көп екенін көріп отырмын, – деді А.Назаров.
Ардақтай шойын жұдырықты жігіт өзімен кездесуге келген балғын балаларға арнап шеберлік сыныптарын өткізді. Сол жерде балаларға бағыт беріп жүрген жекпе-жек өнерін меңгерген жергілікті спортшыларды сөзге тартқан едік.
– Мен аса ауыр салмақта ережесіз жекпе-жектен Қазақстанның 5 дүркін чемпионымын. Қазіргі таңда 100 келі салмақ дәрежесі бойынша әлемдік додаға дайындық үстіндемін, – деді Саламат Қалжанов.
Орайы келгенде Жастар ресурстық орталығының ғимараты күрделі жөндеуден өткенін айта кеткенді жөн санадық.
– Орталық 2014 жылдан бастап жұмыс жасайды. Биыл күрделі жөндеуден өткізілді. Сыртта жастарға арналған спорттық алаң бар. Ол жаттығу жасайтын құрылғылармен және 100 адамға арналған көрермендер орнымен жабдықталған, – деді «Жастар ресурстық орта¬лығы» ақпараттық сараптамалық талдау бөлімінің басшысы Айнұр Шөменова.
Сондай-ақ, Ардақ Назаров бейсенбі күні қаладағы «Достық үйінде» Сыр жастарымен кездесіп, туған ел, туған жер тұрғысында әңгіме қозғады.
– Құрметті жастар, айналайын бауырларым, мына елдің ертеңі сендерсіңдер. Осы бастан алдарыңа мақсат қойыңдар. Отанын сүйетін азамат болыңдар. Спортпен айналысып, қаракөз қарындастарға пана, әлсіздерге қорған болыңдар. Ешқашан қазақтың балаларына қол жұмсамаңдар, – деді ол ағынан жарылып.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.