АУЛА КЛУБТАРЫ АЛАҢҒА ШЫҚТЫ

Тамыздың үшінші жексенбісі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен спорт күні болып бекітілген. Осы күнге орай қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен «Қайнар» спорт клубы шағын футболдан турнир ұйымдастырды. Осы кезге дейін қаламыздың 8 аймағында  іріктеу кезеңі өтті. 
Турнирге қатысушы 50-ге жуық команда арасынан жеңіске жеткен 8 аула клубы ақтық сында өнер көрсетуге жолдама алып, өзара чемпионды анықтады. Қалалық спорт бөлімі мен «Қайнар» спорт клубының ұйытқы болуымен өтіп жатқан  шағын футболдан жарыс, жастар мен жасөспірімдердің бос уақыттарын мағыналы өткізіп қана қоймай, салауатты өмір салтын да насихаттауды мақсат еткен. Қаламыздың өз аймағында мықты  атанған «Белкөл», «Ескі базар», «Шұғыла» және «Шанхай» сынды командалардың арасында өрбіген бәсекеде, ойыншылар өздерінің кәсіби шеберлігін көрсетуге тырысты. Жартылай финалда талсуаттықтар «Талдыарал» футболшыларын 3-2 есебімен жеңді. Алаң қожайындары саналған «Гагариндіктер» «Ескі базар» ұжымын 3-1 есебімен тізе бүктіріп, финалға шықты.Финалға берер жолдамадан тайған «Талсуат» және «Ескі базар» спортшылары, жарыстың үшінші орнына таласты. Қос ұжымның арасында өткен тартысты кездесуде  ауылдық окруктегілер бір доп айырмасымен басым түсті. Ақтық кездесуде Бексұлтан Тілектестің соққан екі голдың арқасында «Гагарин» аяқ допшылары талдыаралдықтарды 3-1 есебімен сан соқтырып, турнирдің чемпионы атанды.
Олжас ДАСТАН.
ДОДА 19 тамыз 2017 г. 688 0