АЙМАҚ АБЫРОЙЫН АСЫРҒАН

Әр өңірдің өз мақтанышы болады. Сондай сала үздіктері арасында ұстаз да, журналист те, малшы да кездеседі. Біз тақырыпқа арқау еткен азамат талай дүркін-дүркін ел намысын қорғап жүрген  Нұрлыбек Рысмағанбетов жуырда Қырғызстаннан тағы мәрте жүлдемен оралды. Мұның алдында Қазақстан чемпионатында топ жарып, Азия елдерінен жиналған таңдаулыларға берілген жолдамаға иелік еткен болатын. Көрші мемлекеттен жағымды жаңалық естідік.
Иә, «Спорт – бейбітшілік елшісі» деген бар. Осы бір қанатты қағиданы санаға сіңірген спортшы қашанда аймақ абыройын асырып келеді. Сөзімізге шекара асып жеткен сүйінші хабар дәлел. Бір қарағанда, елеусіздеу көрінген ол туралы толық мағлұмат алу мақсатында №20 балалар және спорт мектебінің директоры Ерболат Қараевқа хабарластық.
– Айырқалпақты қырғыз ағайындар жерінде жалау көтерген Азия чемпионатында Аралдан барып, күллі Қазақстан намысын қорғаған үкілі үмітіміз олжалы оралды. «Шын мықтыға тұсау жоқ» демекші, Нұрлыбек тек күштілер ғана сынға түсетін сайысында күміске қол жеткізіп, ІІ орын тұғырынан табылды, – деп, қол күрес спортынан көптеген жетістікке жеткен жүлдегер жерлесіміздің қыркүйек айында Венгрияда өтетін Әлем чемпонатына жолдама алғанын мақтан етті. Сосын, Жақсықылыштан Дүниежүзілік додаға жол салған жігіт ағасының алар асуы әлі алда екенін сеніммен айтты.
Қазіргі таңда кеншілер кентіндегі №19 орта мектепте еңбек ететін Нұрлыбек Рысмағанбетов – бір шаңырақтың қамқоры, аяулы әке, адал жар. Ол тоғызқұмалақ ойынынан да танымал. Қазақтың қанында бар спорт түрін жетік меңгерген оның Аралда тұңғыш рет спорт шеберін шығарғанын атап өткеніміз жөн. Ал, ойлылар ойынына ден қойып, білікті ұстаздан тәлімін алған тағы қос жеткіншек спорт шеберіне үміткер атанып отыр.

А.ЖАЙШЫЛЫҚ.
Арал ауданы.
Жақсықылыш кенті. 

ДОДА 15 тамыз 2017 г. 839 0