Қызылорданың «Қайсары» екінші оқу-жаттығу жиынын аяқтады. Бұл дайындық барысында төрт жолдастық кездесу өткізді. Бапкерлер көптеген ойыншылардың шеберлігін таразыға тартып көрді.
Алдымен Түркияның Стамбул қаласының «Карагюмрюк» командасымен кездескен. Біздің жігіттер оларды 5:1 есебімен тас-талқан етті. Одан кейін Ресейдің Саранск қаласының «Мордовия» клубымен жасыл алаң төрінде күш сынасты. Бұл ойында 1:1 есебі тіркелді. Одан кейін жерлестеріміз Бразилияның «Моги Миримінен» 0:1 есебімен жеңілсе, Албанияның «Кукесимен» 1:1 есебімен тең түсті. Ал 18 қаңтарда Ресейдің Нижний Новгород қаласының «Волгасына» 2:3 есебімен есе жіберді.
Алда тағы бір оқу-жаттығу жиыны күтіп тұр. Сол жиында қандай футболшылармен келісім-шарт жасалатыны белгілі болады.
ЖАСӨСПІРІМ ВОЛЕЙБОЛШЫЛАР ЧЕМПИОН АТАНДЫ
Волейболдан Қызылорда облысының жасөспірімдер командасы Қазақстан чемпионы атанды. Өскемен қаласында өткен волейболдан 2000-2001 жылдары өмірге келген жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында қызылордалық спортшылар осындай табысқа қол жеткізді.
Бұл сынға 9 команда қатысып, 2 топқа бөлініп ойнады. Біздің команда төрт ойында да жеңіске жетіп, ақтық сында үш команданы да айқын басымдықпен ұтты. Жерлестеріміз 21 ұпаймен жеңіс тұғырына көтерілді. Одан кейінгі орындарды Өскемен және Астана қалаларының командалары иеленді. Аталмыш жарыста біздің команда сапынан Жаңақорған ауданы, Түгіскен елді мекенінен Еркебұлан Сейдан үздік ойыншы атанды.
Айта кетейік, жерлестеріміз былтырғы жылдың шілде айында Өскемен қаласында өткен Қазақстан кубогы ойындарында жеңімпаз атанды. Енді спортшыларымыз наурыз айында Түркістан қаласында болатын ҚР көктемгі чемпионатына қатысады. Команданы жарысқа Батыр Бабаев дайындады.
ЕЛ БІРІНШІЛІГІНЕН12 ЖҮЛДЕ
Тараз қаласында каратэ-додан балалар мен жасөспірімдер арасында ел біріншілігі мәресіне жетті. Жарыстан біздің облыс спортшылары 12 жүлдемен оралды. Олар барлығы 2 алтын, 5 күміс, 5 қола медальға қол жеткізді.
Жерлестеріміз сапынан Айнамкөз Нұрташ, Әсемгүл Ердәулет алтыннан алқа тақты. Екінші орынға Бекнұр Әбдіжәлі, Асыл Арбап, Әділет Төлеу, Әділет Оралбек, Марта Ким сынды өрендер ие болды. Қола медаль Нұрсұлу Жетербай, Диана Досқали, Ақмарал Бекназар, Евгений Чуркин, Азамат Телбаев секілді жерлестерімізге бұйырды. Олар №2 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдердің олимпиадалық резерв мектебінде жаттығады. Спортшыларды жарысқа Нұржан Ақпанбет пен Рүстем Қараев дайындады. Енді спортшылар наурыз айында Астана қаласында болатын Қазақстан чемпионатына қатысады.
Әділ ТАЛАП.
ҚАРЖЫ АРДАГЕРІНІҢ ҚҰРМЕТІНЕ АРНАЛДЫ
Қаржы саласының құрметті ардагері, білікті маман, жаны жайсаң азамат Камал Шөкеновтің өмірден озғанына бірнеше жыл болды. Бірақ, жақсы адамның есімі мәңгілік. Облысымызға белгілі тұлғаның есіміне құрмет көрсету мақсатында облыстық қаржы басқармасы шағын футболдан турнир өткізуді дәстүрге айналдырып келеді.
Осы игі дәстүрге орай өткен сенбі және жұма күндері Еуразия спорт кешенінде ардагерді еске алу мақсатында шағын футболдан ІІІ облыстық турнир болып өтті. Турнирге қаржы саласының, банк, қаржы-бақылау, салық ұйымдарының қызметкерлері қатысып, шаршы алаңда доп додасын қыздырды.
Турнир салтанатының ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әміреев құттықтау сөз сөйледі. Сонымен бірге турнирге қатысушылар алдында саланың ардагері Дайрабай Ысқақов, ағайындар атынан Жадырасын Күзенов құттықтау сөз сөйлеп, Камал Шөкенұлының облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген еңбектері, адами қасиеттері, жастар тәрбиелеудегі ағалық қамқорлығы жөнінде жылы лебіздерін білдірді.
Екі күнге созылған футбол турнирінде ВТБ банк филиалының ұжымы жеңімпаз атанды. Турнирді ұйымдастырушылар тарапынан жеңімпаздар, жүлде иелері, сонымен бірге әртүрлі номинациялар бойынша үздік танылған ойыншылар марапатталды.
Ж.ӘЛМАХАН.