ТӨРГЕ ОЗҒАН ТЕҢБІЛ ДОП

Биыл Қазақстан футболы ғасырлық тойын атап өтіп жатыр. Еліміздің көптеген қалаларында осы мақсатта түрлі шаралар болды. Алғашқы мәрте теңбіл допты төрге оздырған Семей қаласында сегіз елден келген ардагер ойыншылар бірнеше күн бойы жарыс көрігін қыздырды. Алатау етегінде орын тепкен әсем шаһарымыз – Алматыда Қазақстан мен Германияның ардагерлер құрамасы жасыл алаң төрінде шеберлік байқасты. Осындай оңды шаралар жанкүйер қауымының көңілінен шығып жатыр. Мұндай игілікті істер Қызылорда жерінде де өткізілмек. 
 Сыр өңіріндегі футбол жайында әңгіме қозғай қалсаңыз, әуелі «Қайсар» жайлы ойға оралады. Рас, кәсіпқой ұжым аймақтың абыройын асқақ етуге өз үлесін қосты. Қаншама талантты жастар өсіп шықты. Олардың бірқатары ұлттық құрама сапында ойын көрсетті. Осының өзі жергілікті өрендердің өресі биік екенін аңғарта түседі. Биыл «Қайсардың» құрылғанына 45 жыл толды. Қос мереке қарсаңында біздің өңірде көптеген іс-шаралар өткізілуде. Қуаныштысы, осы уақыт ішінде командамыз бірде-бір мәрте біріншілікке қатыспай қалған жоқ. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарына дейін одақтық біріншіліктің екінші лигасындағы сегізінші топта сынға түсті. Ал Қазақстанның төл доп додасында Премьер-лига мен бірінші лигада бақ сынап келеді. 1998 жылы біздің ұжым ел кубогын төбесіне көтерді. Атап өтерлігі, «Қайсар» қай кезеңде де жергілікті түлектерге арқа сүйеп келеді. Бұл қызылордалық жастардың шеберлігін шыңдауға өз септігін тигізіп келеді. 
1968 жылы командамыз алғашқы ресми кездесуін өткізген уақытта оның құрамында көптеген жерлестеріміз бар еді. Осы орайда сол кезеңде небәрі 18 жастағы түбіт мұрт бозбала Әбіл Қалымбетовты айтпай кете алмаймыз. Қызылордалық футбол статисі Жеңіс Қожамқұловтың айтуынша, дарынды ұлан содан кейін 21 жыл бойы тек бір клубтың намысын жыртты. Спорттық өміріне нүкте қойған сәтте Ә.Қалымбетов 39 жаста болатын. Одан кейінгі 13 жыл өмірін де ол кісі «Қайсарға» арнады. Барлығы 33 жылды құрайды. Үстіміздегі жылдың 3 қазанында 60 жастың ауылына ат басын тіреген Слам Аяпов та жанкүйерлердің жылы ықыласына бөленген азамат. Ол алғаш 1982 жылы командаға дәрігер болып қызметке тұрған еді. Содан бері қаншама уақыт өтті. Білікті маман өмірінің көп бөлігін командамен өткізді. Соңғы төрт жылдан бері физиотерапевт, массаж жасаушы болып жүр. 
Сыр өңіріндегі жұрт Телеухан Тұрмағанбетов дегенде оның шеберлігі жоғары шабуылшы екенін бірден әңгімелеп кетеді. Ешқандай алып-қосары жоқ, ол жасыл алаңның төрінде жасындай жарқылдап көзге түсті. Тіпті, оны Қызылорданың Марадонасы болды десек те жарасады. Телеухан тұңғыш мәрте ресми кездесуге шыққанда небәрі 15 жаста еді. Бұл 1981 жылдың 9 қазаны болатын. Сол уақытта біздің команда Оралдың «Уралец» клубымен кездесу өткізді. Т.Тұрмағанбетов басқа ойыншымен алмасты. 2000 жылы ол үлкен футболмен қош айтысты. Сол кезеңде командаға қатардағы бапкерлікке келді. Одан кейінгі уақытта аға бапкер, бас бапкер қызметтерінің дәм-тұзын татты. «Қайсардың» қосалқы құрамында шәкірттер тәрбиеледі. 
Қазіргі таңда біздің командада жаттықтырушылар құрамында жүрген Сұлтан Әбілдаев өзінің футболшылық ғұмырының 13 жылын өзінің төл ұжымына арнады. Ол 1988-1993 жылдар аралығында қызылордалық клубтың жейдесін киді. Одан кейінгі бес жылдың көлемінде басқа ұжымдарда тер төксе, 1999-2005 жылдар аралығында қайтадан өзінің туған қаласында ойнады. Аға бапкер болды. Бас бапкерлікте де тәжірибе жинақтады. Соңғы жылдарда қайтадан қатардағы жаттықтырушы қызметін атқарып келеді. 
Сондай-ақ, «Қайсарға» бірнеше жылын арнаған азаматтар қатарында Каландар Ахмедов, Марат Есмұратов, Игорь Хегай, Нұрлан Әбуов, Пернебай Кенжебаев, Павел Стрелин, Талғат Сыздықов, Сергей Когай, Құттыбай Досмамбетов, Ерлан Шойтымов, Қайыржан Әбуов бар. Олардың барлығы дерлік алғашқыда футболшы болса, кейіннен командада түрлі қызметтерде болды. 
Біздің команда сапында ең жасы үлкен ойыншы кім болды? 1991 жылы 18 тамызда Егор Медников 42 жас 76 күнді толтырған еді. Одан кейінгі кезекте Әбіл Қалымбетов пен Пернебай Кенжебаевты атап өтеміз. Ал Телеуханнан өзге ең жас ойыншылар қатарында кімдер бар? Мәселен, Қайыржан Әбуов, Қайрат Сәрсенов, Сергей Когай, Андрей Овчинников алғашқы мәрте қызылордалық клубтың жейдесін киіп, жасыл алаң төріне шыққан кезде небәрі 16 жаста екен. Сонымен қатар, олардан небәрі бір жас үлкен кезінде Сұлтан Әбенов, Ерлан Нұрғалиев, Роман Титов, Нартай Құлымбетов сынды жампоздарымыз ойын көрсетті. Небәрі 18 жасында Сұлтан Әбілдаев, Ерлан Өткелбаев, Нұрлан Жанаев, Марат Қосаевтар жанкүйер көзайымына айналды. 
Бүгінгі күнге дейін қаншама бапкер Қызылорда командасына бапкерлік жасады. Олардың қатарында Тимур Сегізбаев, Александр Прохоров, Юрий Хакимов, Әбіл Қалымбетов, Ваид Талгаев, Шайзидин Кенжебаев, Виктор Кумыков, Сергей Гороховодацкий, Владимир Никитенко, Хазрет Дышеков, Владимир Линчевский, Альгимантас Любинскас, Сергей Волгин сынды мамандар аталады. 1971 жылы Т.Сегізбаев көштің соңында жүрген команданы өрге сүйреп, алдыңғы орындарға шығарды. Сондай-ақ, 1988 жылы одақтық біріншіліктің екінші лигасында сол кезеңдегі «Мелиоратормен» төртінші орын алған Ю.Хакимовты ерекше құрметпен атаймыз. Еліміздің төл доп додасында В.Талгаевтың тұсында команда алғаш рет Қазақстан кубогына қол жеткізді. Одан кейін әзірге команда сол жетістігін қайталай алмай келеді. 2008 жылы «Қайсар» төртінші орынға табан тіреді. Оған қол созуға В.Никитенконың біліктілігі аз көмегін тигізген жоқ. 
Қызылорда төрінде өтетін футбол тойына жергілікті жанкүйерлер белсене атсалысады. Өйткені, олардың өздерінің сүйікті командасы – «Қайсарға» құрметі ерекше. 
Әділжан ҮМБЕТ.  


ДОДА 08 қазан 2013 г. 1 201 0