Карантиндік шектеу жеңілдетілгенімен, босаңсуға болмайды

COVID-19 вирусы – адамдарда осы уақытқа дейін анықталмаған коронавирустың жаңа штаммы.   

Бұл жұқпаның белгілері басқа респираторлық аурулардың симптомдарына ұқсас және түшкіру, жөтелу, осы ауруды жұқтырған адаммен байланыста болу арқылы тарайды. Аурудың ауыр түрі егде жастағы, сонымен қатар ағзасында басқа да патологиялары бар адамдарда кездесуі ықтимал.

 Сондай-ақ, уақытылы ем алмаған жағдайда аурудың асқынған түріне, әрі қарай өлімге соқтыруы мүмкін.

Жаһанды жайлаған бұл кесірлі кесел біздің елімізге, оның ішінде өңірімізге де жеткені белгілі. Осы жылдың 28 наурызында алғашқы науқас тіркелсе, 5 мамырдағы мәлімет бойынша  ін¬дет жұқ¬тырғандар саны 217-ге жетті. Оның ішінде 22-сі 14 жасқа дейінгі балалар арасында, алтауы 15-19 жас аралығындағы  жасөспірімдер, қалған жағдайлар ересектер арасында тіркелді.

Вирус жұқ¬тыру де¬регі тіркел¬мей тұрып-ақ облыс шека¬ра¬ларында бақылау күшейтілді, сонымен қатар шетелден кел¬гендер қа¬таң тексерілді. Коронавирус бойын¬ша қауіпті елдер санатына жа¬татын мем¬лекеттерден келген аза¬маттар бірден ка¬рантинге жат¬қы¬зылып, бақылауға алын¬ды. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жар¬лығы бойынша 16 наурыздан бастап елде төтен¬ше жағдай енгізіліп, ірі сауда объектілерінің жұмыс істеуіне шектеу қойылды, сауда ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және адам¬дар көп жи-налатын басқа да нысандардың қызметі 

тоқтатылды. Ойын-сауық, спорттық іс-шараларды, сондай-ақ той-томалақтарды өткізуге тыйым салынды. Алайда төтенше жағдай талаптарын сақтамай, салғырттық танытқандар да табылды. Дертке шал¬дыққандардың өз ауруын жасырып ғана қоймай, айналасындағылармен байланысты үзбеуі, ел тұрғындарының мем¬лекет қабылдаған шектеу шаралары мен ескертулеріне құлақ аспауы, халықтың қарапайым гигиена талаптарын орын¬дамауы аурудың көбеюіне себеп болды. Наурыз мейрамы, туған күн, түрлі дәстүрлі той-жиындарды тойлауды жалғастыру инфекцияның бұрқ еткен жағдайларына әкеп соқтырды. Жаңақорған, Шиелі, Сырдария (Амангелді) аудандарында аз уақыттың ішінде ауру санының өршуі осыған дәлел. Коронавирус инфекциясының нақтыланған 40-тан аса жағдайы бір ғана Ш.Қодаманов ауылында тіркелді және ол бір ауру көзінен таралды.

5 мамырдағы  жағдай бойынша облыста 120 ошақ анықталып отыр. Бұл әлі де біздің бейқамдығымыздың, коронавирус індетіне қатысты қалыптасып отырған жағдайға салғырт қарайтынымызды көрсетіп отыр.

Өңірде аурудың әрі қарай өршуіне жол бермей, шоғырландыру, тоқтату мақсатында облыс, қала, аудандардың бас санитариялық дәрігерлерінің Қаулыларымен карантиндік режимдегі шектеу шаралары енгізілді.   Карантин аумағына кіру-шығу тәртібін реттеу үшін блок-бекеттер қойылды, қоғамдық тамақтану мен қоғамдық көліктер жұмыстарына шектеу жасалды,  көшеде бей-берекет жүруге тыйым салынды, көліктің кез-келген түрлерінің қозғалысына шектеу қойылды. Мұндағы мақсат – инфекцияны тасымалдау тізбегін кесу, ауруды шоғырландырып, жою. Осы орайда карантиндік шектеу шаралары өз нәтижесін бере бастады. Бұдан бөлек, қауіпті топтарды скринингтік тексеру, ауруды белсенді анықтау жұмыстары да басталып кетті.  Осы жылдың 17 сәуірінен бастап скринингтік тексеруден 4131 адам өтіп, оның 0,31%-нен коронавирус инфекциясы анықталды. 

Қолға алынған осындай жедел жұмыстардың арқасында ауру ерте анықталып, науқастармен қарым-қатынаста болғандар карантиндік стационарларға  уақытылы оқшауландырылып, аурудың басым көпшілігі жеңіл түрде өтуде. Барлығы толық және уақытылы ем алуда. Бүгінгі күні  инфекциядан емделіп, қанағаттанарлық жағдайда үйлеріне шығарылғандар саны 140 адамға жетті, өлім жағдайлары тіркелген жоқ.

Менің, яғни,  облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 28 сәуірдегі №11 Қаулысымен халықтың тыныс тіршілігін қалпына келтіру мақсатында экономиканың жекелеген салалары бойынша шектеу шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету  жүзеге асырылуда. Қызметін қайта бастайтын салалар мен объектілер жұмысына күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режиммен рұқсат етіліп отыр. Әзірге ұжымдарда кез келген корпоративтік, көпшілік іс-шараларын, отбасылық (туған күн, үйлену тойы, құдалық, ауызашар, басқа да дәстүр мен әдет-ғұрып шаралары, т.б) барлық жиындарға рұқсат етілмейді, яғни, көрші, туған-туыстарға қонаққа баруды шектей тұрған дұрыс.

11 мамырдан бастап эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, жеңілдетудің келесі кезеңі жүргізіледі. Соған байланысты жұмыс берушілер тарапынан сақтық шаралары күшейтілуі керек. Атап айтқанда, жұмыскерлердің жұмысқа кіруі кезінде қолды тері антисептиктерімен қамтамасыз етулерін, гигиеналық процедураның сақталуын бақылауы қажет. Қызметкерлердің жұмысқа шығуына күнделікті мониторинг жүргізіп, ЖРВИ, тұмау және басқа да вирустық ауруларға ерекше назар аударылуы керек. Ал үй-жайларда температуралық режимнің оңтайлы параметрлерінің сақталуын бақылап, жұмыс үй-жайларын тұрақты (әрбір 2 сағат) желдетіп тұруға кеңес береміз. Есік тұтқаларын, ажыратқыштарды, жұмыскерлердің үстелдері мен орындықтарын, кеңсе техникасы, көпшілік пайдаланатын орындарды (тамақ ішетін, демалатын бөлмелер, дәретхана бөлмелері, спортпен айналысуға арналған бөлмелер мен жабдықтар және т. б.) дезинфециялауға баса назар аудара отырып,  барлық үй-жайларда әр 2 сағат сайын өңдеу жүргізілуі тиіс. Сонымен бірге тұрмыстық қатты қалдықтар жинайтын орын мен оның аймағын таза ұстауды, қалдықтарды уақытылы шығарып отыру қамтамасыз етілуі керек. Адам көп шоғырланатын орындарда 1,5 метр қашықтықты, бетперде кию ережелерін сақтауды ұмытпаған жөн. Қоғамдық көліктерде әр рейс сайын санитариялық-дезинфекциялық шаралар жүруі тиіс. Қол жуу ережелері, жеке бас гигиенасы сақталуы керек және жолаушыларды көліктегі орын санынан артық алмауды жүйелендіру керек.

Ғалымдардың айтуынша, бұл вирус маусымдық аурулар сияқты күнделікті тіршілікте кездесіп отырады. Сондықтан карантиндік шектеу шараларын алып тастағанмен  босаңсуға болмайды. Ол індет жұқтыру оқиғасы мүлдем тіркелмейді деген ой тудырмауы тиіс.  Керісінше, енгізілген шектеу алынғанымен сақтық шараларына аса көңіл бөліп, орындау ұсынылады. Эпидемиологиялық ахуалды тұрақты ұстап тұру үшін, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету мақсатында жоғарыда аталған нұсқаулар мен талаптарға құ¬лақ асып, сақтық шараларын мұқият орын¬дау өзге емес, ең әуелі өзіміздің жә¬не жақындарымыздың қауіпсіздігі үшін қа¬жет екенін ескергеніміз абзал.


Әлия ӘБДІҚАЙЫМОВА,

Қызылорда облысының Бас 

мемлекеттік санитариялық дәрігері.



Денсаулық 07 мамыр 2020 г. 896 0