Тәртіп болмай тізгіндеу қиын

 Жалпы вирусты инфекцияның шекарасы жоқ. Бұл пікірді менің әріптестерім, яғни, эпидемиолог мамандар қашаннан ұстанып келеді.  Қазіргі кезде әлемді жайлаған коронавирус – бұл «2019-nCoV» деп аталатын вирустық инфекцияның жаңа түрі.

Ол жоғарғы тыныс алу жолдарының жеңіл немесе орташа ауруын тудырады, өкпе қабынуы асқынып, өлімге әкелуі мүмкін. Белгілі болғанындай, коронавирус инфекциясының вирусы адамда  түрлі ауыртпалықтағы рес­пираторлы ауруларды ту­ды­рады. Аурудың белгілері жай (мерзімдік)тұмауға ұқ­сас. Аурудың ауырлығы түрлі факторларға, оның ішінде ағзаның жалпы жағдайы мен жасына байланысты.

Ауруды алдын алу үшін  белгіленген ережелерді сақ­тау қажет: Атап айтқанда, қолды сабынмен жиі жуу, тұр­мыстық жуу құралдарын  қолдана отырып, тазалап және дезинфекция  жасау шарт. Алайда мәселе тек мұнымен шектелмейді. Олай дейтініміз, адамзат тарихы эпидемиялармен тығыз байланысты.

Тарихқа көз салсақ, біздің үйреншікті «карантин» деген сөзіміз итальянша «quarantа» (куаранта) деген сөзден шыққан. Және ол «қырық» деген санды білдіреді.  Оның тарихы былай.

XIV ғасырда  оба  ауруы бүкіл жер шарына таралып, 200 миллиондай адамның өмірін қиғанда Италияның жағалауына келген кемелер мемлекетке кіру үшін 40 күн 4 километрдей қашықтықта тұруға мәжбүр болған. 40 күннен кейін кеме бортына сол заманның дәрігерлері көтеріліп, кемедегі барлық адамдарды тексеруден өт­кізген. Елге кіруге тек сау­лары ғана рұқсат алып, науқастардың барлығы Лазаретто деген аралға жіберілген. Осы замандағы «Лазарет» деген сөз де содан шыққан.

Содан кейін де жер шарын шешек, тырысқақ  сияқты көптеген эпидемия­лар басып, талай адамды ажал құштырғаны белгілі. Соңғы 20 жылдың ішінде де атипиялық пневмония, доңыз тұмауы сияқты дерттердің де әлемге тарағаны белгілі. Сондықтан, эпидемияның шекарасы жоқ деген ұстаным  түсінікті деп ойлаймын.

Коронавирус та – бізге таныс вирус. Бірақ бұл вирустың ерекшелігі – ол жануардан адамға мутация нәтижесінде жұғу қабілетін игерген. Яғни, вирустың өзгерген түрі. Біздің организмнің оған қарсы иммунитеті қа­лып­таспаған. Вирустың кеңі­нен тарап жатқаны сон­дықтан. Осыған байланысты елде төтенше жағдай жарияланып, бірқатар аймақ карантинге жабылды. Бұл жұмыстың негізгі мақсаты – сау адамдарды науқастардан ажырату. Инфекцияның адамнан адамға жұғуын тоқтатпай, оны жеңу мүмкін емес.

Осындай эпидемиялар біздің даламызда да көп болған. Аса қауіпті (оба, безгек сияқты) аурулар ел арасында тараған заманда ауруға шалдыққан елді мекендер ауыл маңына қара жалау тіккен. Сол маңайда келе жатқан керуендер ондай елді мекендерді айналып өткен. Микроб, бактерия, вирус дегенді білмесе де, ата-бабамыз адам өмірін сақтау үшін осындай іс-әрекеттерді қабылдаудың арқасында халқымызды аман сақтап қалған. «Тазалық – денсаулық кепілі» деген сөз  сол заманнан қалды емес пе? Сондықтан, бастан кешіріп отырған бүгінгі эпидемия – сол эпидемиялардың кезектісі.  Алайда,  дерттің күшін менсінбеу, атап айтқанда, ол кәдімгі тұмау сияқты екен деп, проблеманың күшін сезбеудің салдары өте ауыр болатынын ескермеуге болмайды.  Қанша десек те, бұл – өте қауіпті дерт.  Бұл орайда карантин  тәртібін қатаң сақтап, оған бағынуға тиіспіз. Инфекция адамның салт-дәстүрін жағалап жүретінін ұмытпау керек. Неғұрлым халық арасында қол беріп амандасу, жиналып отырып бірге тамақтану, ойын-сауыққа көп көңіл бөлу, жиі той жасау сияқты дәстүрлер кеңінен қалыптасқан сайын вирустың тарауына да шексіз жол ашылады. Мәселен, Шиелі ауданы бойынша қазіргі таңда нақтыланған COVID-19 диаг­нозымен 66 жағдай тір­келіп отыр. Анықталған науқастардың  47-сі (72%) бір ғана Ш.Қодаманов ауы­лынан шықты. Карантинге жатқызылғандардың 60  проценттен астамы осы елді мекеннен. Ауылда осыншама адамға індет жұқтырған бір ғана адам болып шықты.  Сондықтан, біз тұрғындарға күнделікті әдеттерін қайта қарастыруға кеңес береміз.  Қазіргі карантин уақытында оған мүмкіндік те бар, әрине. Енді аз уақытта елде жарияланған төтенше жағдай алынып, қалыпты өмірге қайта келеміз деп күтілуде. Солай болғанның өзінде сақтық шараларына мән беріп, індет жұқтырып алмау жағын ойлауымыз қажет. Тұрғындарды өз денсаулықтарына жауап­кершілікпен қарап, мамандар кеңесіне құлақ асуға шақырамыз.


Жанар ШОХАЕВА,

 эпидемиолог дәрігер.

Денсаулық 05 мамыр 2020 г. 492 0