Дәрігерлердің жеке көлігіне арнайы белгі жабыстырылады

Нұр-Сұлтан қаласының полиция қызметкерлері дәрігерлердің кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін олардың жеке көлігіне арнайы белгі жабыстырып бермек, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі таңда медицина қызметкерлері коронавирус инфекциясымен күресте алдыңғы шепте жүр. Адамдардың денсаулығы дәрігерлердің шақырылған жерге тез келуіне байланысты. Осыған орай Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті қала көшелерінде қозғалысын жеңілдету үшін «Дәрігер» атты қызыл түсті белгі таратады», - деп мәлім етті қалалық Полициия департаментінен.
Жүргізушілерді тексеру үшін қаланың бірнеше нүктесінде мобильді посттардың қойылғаны белгілі. Осыдан кей жерде көліктердің шоғырланып қалып жатыр.
«Осындай жағдайда дәрігерлер өз көлігімен кедергісіз қозғалу үшін полиция қызметкерлері осы белгілі таратады. ҚР Жол жүру ережесінде «Танытатын белгілер» деген норма бар. Оған сәйкес жедел әрі арнайы қызметтердің автокөліктері, автобустары мен мотоциклдарының СТ РК 1863-2018 ұлттық стандартына сәйкес белгілі бір функциялық міндетте екені айқындалады. ҚР ЖЖЕ «Танытатын белгілер» бөлімі талаптарына сәйкес дәрігер-жүргізушінің тілегі бойынша оның көлігінің артына немесе алдына «ДӘРІГЕР» атты танытатын белгі, яғни ақ түспен қоршалған қызыл крест жабыстырылады», - делінген хабарламада.


Денсаулық 19 сәуір 2020 г. 582 0