Алматы орталық клиникалық ауруханасы дәрігерлерінің жаппай коронавирус жұқтыру дерегін ҚР Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрхан Садуақасов тексеретін болды,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Алматы клиникалық орталық ауруханасындағы коронавирус жұқтыру жағдайынан соң менің тапсыруыммен ҚР Денсаулық сақтау вице министрі Камалжан Надыров пен тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрхан Садуақасов Алматы қалалық қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасы басшысымен бірге «Көктем» шипажайында карантинде жатқан дәрігерлермен кездеседі. Барлық мәселе заң аясында шешіледі деген сенімдемін», - деп жазды ҚР ДСМ басшысы Елжан Біртанов Facebook парақшасында.
Министр Алматыдағы медициналық ұйымдардағы коронавирус инфекциясының күшею дерегін зерттеуді тәжірибелі эпидемиолог, тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрхан Садуақасовқа жүктеді.
Айта кету керек, бұл клиникалық ауруханада 147 қызметкер коронавирус жұқтырған деген ақпарат жарияланды. «Көктем» шипажайында жатқан дәрігерлер ҚР Денсаулық сақтау министрі мен Президенттен араша сұрап, видео түсірген болатын.