« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Дүниежүзін жайлаған қауіпті індетпен күресте ең алдымен, ақ халатты абзал жандарға күш түсіп отырғаны белгілі. Мылтықсыз майданның алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлер қауымына деген жауапкершілік жүгі індет жұқтырғандар саны артқан сайын еселеп ауырлап келеді.
Елімізде де медицина мамандары алғашқы науқас анықталған сәттен бастап, бірнеше апта бойы отбасыларынан тысқары жүріп, өз денсаулықтарын қатерге тігіп дертпен күресуде. Өйткені бар үміт – дәрігерлерде. Осы орайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев індетпен күресте аянбай еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлерін барынша қолдау керектігін айтып, оларға үстемақы төлеу туралы шешімін жеткізді. Сондай-ақ, мамандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Президент тапсырмасы біздің өңірімізде де қажетті деңгейде жүзеге асырылуда.
Денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, облыста індетпен күреске 3000-ға жуық медицина қызметкері жұмылдырылған. Ауру анықталған аудандардағы медицина қызметкерлері мен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының мамандары емдеу мекемелерінен шықпай жұмыс істеуде. Медицина қызметкерлері де 14 күндік бақылауда болады. Осы орайда оларды жатын орынмен қамтамасыз етуде қажетті шаралар қолға алынуда. Оған кәсіпкерлер де атсалысуда. Атап айтқанда, қызылордалық кәсіпкер коронавируспен күресіп жүрген дәрігерлерді жекеменшік қонақүйіне орналастырды. Осылайша ол бүгінгі күннің батырларына деген құрметін көрсетті. Қонақүйде медицина қызметкерлерінің тынығып, демалуына бар жағдай жасалған.
– Індетпен күресіп жүрген дәрігерлерге, орта және кіші буын қызметкерлердің барлығына қолайлы жағдай жасалған. Ыстық тамақ, жатын орын, қажетті жеке бас гигиенасы заттарымен және қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілген. Жұмыстан кейін олар арнайы медициналық көлікпен қонақүйге барып тұрақтайды, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдусаметов.
Бүгінде қонақүйде 100-ден астам қызметкер орналастырылған. Оларға көпбейінді облыстық аурухананың мамандары қызмет көрсетеді. Тазалық, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізумен қатар, індетпен күресушілердің дене қызуын өлшеп, медициналық тексерістен өткізеді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы міндеттегендей, індетпен күресуші медицина қызметкерлеріне қауіптілігіне байланысты 3 деңгейде сыйақы тағайындалуда. 3 айға есептелген сыйақыны алатын қызметкерлер тізімін арнайы комиссия бекітті. Өткен аптада комиссия мүшелері тәуекел топтары бойынша үстемақы белгіленетін жұмыскерлер тізімін айқындады. Облыс бойынша 375 медицина қызметкері үстемақы алатын болды.
Атап айтқанда, 1-тәуекел тобына (20 ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖ) немесе 850 мың теңге) жататын инфекциялық стационардағы дәрігерлер – 9, орташа медициналық қызметкер – 14, кіші медициналық қызметкер – 12, барлығы 35 адам қосымша 5,7 млн теңге (Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы, Жаңақорған ауданаралық ауруханасы);
2-тәуекел тобына (10 ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖ) немесе 425 мың теңге) жататын провизорлық стационардағы дәрігерлер – 24, орташа медициналық қызметкер – 95, кіші медициналық қызметкер – 42, барлығы 161 адам қосымша 20,5 млн теңге (Қазалы, Қармақшы, Сырдария, Жаңақорған ауданаралық ауруханалар, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы және облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы);
3-тәуекел тобына (5 ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖ) немесе 212,5 мың теңге) жататын карантинды стационардағы дәрігер – 15, орташа медициналық қызметкер – 64, кіші медициналық қызметкер – 72, жедел жәрдем жүргізушісі – 28, барлығы – 179 адам, қосымша 7,9 млн теңге алады (Қазалы, Шиелі, Жаңақорған ауданаралық ауруханалар, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы, облыстық фтизиопульмонологиялық орталығы).
Үстемақы қызметкерлердің наурыз айында коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастармен нақты жұмыс жасаған уақытына сай есептеледі.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕ АҚ облыс бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетовтің айтуынша, ағымдағы жылдың наурыз айында COVID-19 коронавирусы таралуының алдын алу және инфекция жұқтырған науқастарды емдеуге 238,8 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ, эпидемияға қарсы шараларға тартылған медициналық немесе медициналық емес ұйымдардың қызметкерлеріне 150,9 млн теңгеден астам үстемақы қарастырылған. Оған қоса, полимеразды тізбекті реакция арқылы биологиялық материалдан COVID-19 вирусының РНҚ (рибонуклеин қышқылы) анықтау үшін диагностикалық зерттеуге 60,2 млн теңге бөлінген.
«SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы да індетке қарсы күреске бейжай қарамай, медициналық ұйымдармен бірлесе жұмыс атқаруда.
Індетке қарсы күресіп жүрген қызметкерлерге көмек көрсетіп, қуаныш сыйлау мақсатында облыс көлеміндегі емдеу алдын алу мекемелерінде жұмыс істейтін бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларымен бірлесіп, 4370 мың теңгеге барлығы 250 отбасына азық-түлік өнімдерін берді. Сонымен бірге, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына 370 мың теңгеге 185 дана төсек жиынтығын табыстады. Облыстық жедел жәрдем станциясына 200 мың теңгеге 2000 дана бетперде (маска) тігуге жабдықтар алып берілген. Одан бөлек, 600 мың теңгеге облыс көлеміндегі емдеу мекемелерінің қажеттілігіне орай, адам денесінің температурасын өлшейтін (бесконтактный термометр) құрал сатып алу мақсатында келісім шарт жасасқан.
Салалық кәсіподақ 5540 мың теңгеге облыс көлеміндегі медицина саласының қызметкерлеріне көмек көрсеткен.
Тұрғындар саулығы жолында аяқтарынан тік тұрып, уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген бүгінгі күннің батырлары – медицина қызметкерлері қандай да қолдау-құрметке лайық.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |