Аймақта медициналық маскаға сұраныс күшейді. Дәріханалардағы бетперде тапшылығын жою үшін шағын кәсіпкерлік иелері іске кірісті. Төрт жылдан бері ерлер жейдесін тігумен айналысқан Қызылордадағы «Dalatex» тігін фабрикасы медициналық өнімді өздері шығара бастағанын біз бұған дейін де айтқанбыз. Фабрика жуып, үтіктеп бірнеше мəрте пайдалануға жарайтын бетперденің бір күнде 10 мың данасын тігіп жатыр. 130 теңге шамасындағы өнімнің 70 проценті Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларына жөнелтіледі.
Кәсіпкерлердің айтуынша, эпидемияға байланысты бетперде тігетін шикізаттың құны еселеп өсіп кеткен. Оның өзі ел аумағынан таптыра бермейді. Сонда да бұлар өнім бағасын бірқалыпты ұстап отыр.
Сондай-ақ көбісінің бұдан пайда тауып отырғаны шамалы. Олар қолда барды ұқсатып, қазіргі жағдайға қатысты хал-қадірінше қолдау һәм көмек көрсетпек. Әсіресе, аудан орталығындағы жеке бизнес өкілдері жедел іске кірісіпті.
– Елде төтенше жағдай жарияланып, үлкен-кіші коронавирус індетіне қарсы жұмылған кезде біз де қарап жата алмадық. Өйткені Қазалыда да медициналық маска төңірегінде түрлі əңгіме көбейіп кетті. Сұраныс бар, тауар жоқ. Қажетті шикізатты Шымкент қаласынан алдырып отырмыз. Ұжыммен ақылдасып, жұмыстың бағытын уақытша өзгертуге шешім қабылдадық. Бұған дейін қыз жасауын, төсек-жабдық дайындайтынбыз. Енді жергілікті халықтың сұранысын өтеуге көмектесу үшін бетперде тігуге кірістік, – дейді қазалылық кәсіпкер Мархаббат Асанова.
Мархаббат бастаған қыздар бір күн ішінде 200-300-ден аса бір реттік маска тігіп үлгереді екен. Оны көбіне ауылдық жерлер мен мекемелер көтерме бағамен сатып алуда. Бет перденің көтерме бағасы 90 теңгеден.
– Өнім бағасы бұрынғыдан әлдеқайда қымбаттау екені рас. Бірақ шикізат, яғни мата құны өсіп кетті. Бетпердені де барынша көбірек қамтуға тырысамыз, – дейді Мархаббат.
Сырдарияның Шаған ауылында жас кәсіпкер, «Сима» тігін ательесінің иесі Сымбат Әнуарова бетперде тігуде. Жас кәсіпкер күніне 50-ден аса бетпердені тігіп, аудан орталығындағы аурухана қызметкерлеріне ұсынған. Тігіншінің айтуынша, бір бетпердені тігу үшін 10-15 минут уақыт жеткілікті. Айтпақшы, аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары Facebook әлеуметтік желісі арқылы қолдан бетперде тігу челенджін ұйымдастырып, көпшілікке көрсетті. Аталған эстафетаны ауданға қарасты кент және ауылдық округ әкімдеріне, Сырдария аграрлы-техникалық колледжіне жалғастыру үшін жолдаған.
Жаңақорғанда маска шығаруға ниеттілер жетерлік. Аудан орталығында тұратын тігінші Райла Исаева «Нұр» базарындағы аядай бутикте алғашқылардың бірі болып маска тігуді бастаған.
– Тігіншілікті қолға алғаныма он жылдан асты. Ал базар ішінен жалға орын алып, кәсіп ашқаныма 4 жыл. Дәкеден маска тігу ойыма келмепті. Алғашында таныстарыма ғана тігіп бердім. Солар арқылы ұсыныс түсіп, тапсырыстар саны көбейді. Енді мекемелерден тапсырыс түсуде, – дейді тігінші апа.
Мұндай бастамашыл істі аудандық аграрлы-техникалық колледжі де қолға алған. Колледж басшылығының қолдауымен тігіншілер маска тігуде. Алдымен колледждің екі маманы арнайы Қызылорда қаласындағы «Dalatex» тігін фабрикасына барып бір күн тәжірибе алмасып, керекті өнімді тігудің қыр-сырына қаныққан. Енді соны әріптестеріне үйретіп, күніне 500 дана бетперде тігіп жатыр. Нарықтағы сатылымы – 150 теңге. Ауданнан бөлек, Қызылорда қаласындағы мекемелерден де ұсыныстар бар.
– Жұқпалы аурудың алдын алып, ұлт саулығына үлес қосу мақсатында колледждің тігін шеберханасында бетперде тігуді қолға алдық. Оған толықтай мүмкіншілік жасалған. Дәкеден 8 қабатты көпреттік пайдаланатын маска тігіп жатыр. Сондай-ақ медициналық көк түсті маскалар дайындалады. Колледж ұжымы бизнеске айналдырып, табыс табу мақсатында емес, аудан халқының қажеттілігін өтеу үшін істі қолға алған, – деді колледж директоры Жомарт Шәуенов.
Бұдан өзге жақсылықтың жаршысы болып, қайырымдылық жасаудың үлгісін көрсетіп жүретін «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қоры, «Qamqor» әлеуметтік дүкені мен аудандық «Нұрлы шуақ» қыздардан құрылған ұйымның ұйытқы болуымен де бетперде тігу басталған еді. Қоғамдық қор құрамындағы кәсіпкер жігіттердің қолдауымен өнім шығаруға арналған шикізат қоры алынып, 300-ге жуық 8 қабат дәкеден тігілген медициналық маска «Нұр» базарының тұтынушылары мен әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасы мүшелеріне тегін таратылыпты.
Әлемдік індеттің дауасы әлі табылған жоқ. Бірақ сақтанудың жолдары бар. Ол – үйде оқшаулану. Сыртқа шыққан жағдайда бетперде киіп шығу маңызды. Сондықтан вирусты жеңбей, аталған өнімге сұраныс артпаса, төмендемейтіні белгілі.
Ержан ҚОЖАСОВ,
«Сыр бойы».