Жаңа құрылғының жетістігі

Қазалыда мұнан бұрын озық үлгідегі ауданаралық аурухана ғимараты пайдалануға беріліп, ауысымына 250 адам қабылдауға арналған емхана құрылысы басталғанын жазған едік.
Қазалы ауданаралық ауруханасында «Medtronik» ЖШС арқылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде алынған «Ан­гиограф» медициналық аппараты іске қосылған болатын. Заманауи құрылғы елі­міз бойынша аудандық деңгейде алғаш рет Қазалыда орнатылған. Аппараттың көмегімен енді қазалылық дәрігерлер Арал, Қармақшы аудандары мен Байқоңыр қаласының тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді.
Қазалы ауданаралық ауру­ханасында алғаш рет жаңа технологиялармен жабдықталған «Ангиограф» аппаратының көмегімен жүрек-қан тамырларына ота жасалды. Бұл күні жергілікті дәрігерлер облыстық медицина орталығының рентген-эндоваскулярлы хирур­гия бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Исмаиловтың жетекшілігімен 4 науқасқа күрделі ота жасады. Операция барысында білікті маман аудандық аурухана дәрігерлері Кенесары Баспаев, Аян Қазиұлы, фельдшер Қасқырбай Молдабаев, мейіркеш Әлия Сүлейменова, рентген-лаборант Ғалымжан Жайылқановпен мол тәжірибесімен бөлісті. Ол үшін тиісті құжаттар дайындалып, ауқымды жұмыстар жүргізілді. Дәрігерлер А.Сызғанов атындағы ұлттық хирургия ғылыми орталығынан қайта даярлау курстарынан өтіп, білімдерін жетілдірді. Тәжірибе алмасқан соң арада өткен қысқа мерзімде бірқатар жетістіктерге жетті.
– Бүгінгі таңда Қазалы ауданаралық ауруханасында «Ан­гиограф» аппаратының көмегімен жүрек-қан тамырлары кеселіне шалдыққан 168 адамға ота жасалып, 52 науқасқа стент қойылды.  Бұл – үлкен жетістік. Ота жасатқан науқастар облыс орталығына, өзге өңірлерге жол шегіп, уақыт жоғалтпағанына дән риза, – дейді Қазалы ауданаралық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Бақыткүл Алишева.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
«Сыр бойы».
Денсаулық 21 наурыз 2020 г. 962 0