« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Облыс ґкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов қаладағы бірқатар емдеу, алдын алу ұйымдарының жұмысымен танысты.
Көпбейінді облыстық балалар ауруханасы өңірдегі 18 жасқа дейінгі 286033 балаға стационарлық, стационар алмастыру, жедел травматологиялық және кеңес беру - диагностикалық көмек көрсетеді. 350 орындық ауруханада 12 клиникалық, 3 хирургиялық бейімдегі және 2 параклиникалық бөлімше бар. Сонымен бірге ауысымына 300 бала қабылдайтын кеңес беру-диагностикалық бөлімшесі жұмыс істейді. Мұнда 92 дәрігер, 308 орта буын медицина қызметкері еңбек етеді. Дәрігермен қамтылу көрсеткіші 81,4 процент. 32 дәрігер республикалық орталықтарда, шетелдерде білімін жетілдірген. Емделушілер арасында ауылдық жерлерден келушілер саны 2,4 процентке өскен. Былтыр емделіп шыққан науқастардың ішінде тыныс алу жүйесіне шағымданғандар үлесі көп, яғни, 32 процентті құрады. Онан кейінгі кезекте 19 процентпен жүйке жүйесі аурулары болса, үшінші орында жарақат пен уланулар. Сонымен бірге туабітті ақаулармен емделгендер саны 7 процентке жеткен. Үш жыл көлемінде ота саны 19 процентке өскен.
Кеңес беру-диагностикалық бөлімшесінде 19 маман жұмыс істейді. Сондай-ақ, ЭКГ, УДЗ, ЭХОКГ зерттеулері бар. Аурухана – аймақтың емдеу ұйымдары қызметкерлерін «Балалық шақтағы ауруларды ықпалдастыра емдеу» курсынан өткізуші координатор.
Облыс әкімінің орынбасарына аурухананың бас дәрігері Зоя Көшенова міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.
Айта кету керек, жаңа жүйемен жұмыс істеуде басым бағыттың бірі – профилактикалық шаралармен бірге оңалту, қалпына келтіру емін жүргізу. Осы орайда мұнда ІІ, ІІІ кезеңді қалпына келтіру ем шаралары жүргізіледі. Бұл үшін физиотерапия және оңалту бөлімшелері жабдықталған. Бөлімшеде физиоемшаралары, емдік уқалау, денешынықтыру бөлмелері мен тұзды шахта, бассейн жұмыс істейді. Емделушілердің басым көпшілігі, оның ішінде невролгиялық науқастардың 80 проценті физиотерапия бөлімінде ем қабылдайды.
– МӘМС жүйесінің басты мақсаты – қалпына келтіру емін күшейту. Ал жалпы медицинаның мақсаты – аурудың алдын алу. Жаңа жүйе бойынша жыл басында 60 төсектік қалпына келтіру бөлімшесін аштық. Оның 35-і жүйке жүйесі ауруларына арналса, 15-і ортопедия-травматологиялық, 5-і кардиохирургиялық, тағы 5-і нейрохирургиялық орын. Сонымен бірге жыл басында 15 төсектік мейірбикелік күтім бөлімі ашылды. Ол ауыр жағдайдағы, яғни отадан кейінгі кезеңде балғындарға күтім жасауға арналған, – деді бас дәрігер.
Облыс әкімінің орынбасары онан соң №3 қалалық емханада болды. Онда пациенттің өзіне-өзі қызмет көрсетуі үшін орнатылған терминал және «Дамумед» мобильді қосымшасының жұмысымен, сондай-ақ, МӘМС жүйесінің жүзеге асырылу барысымен танысты.
Емхана ауысымына 500 адам қабылдауға арналған. Тіркелген 63706 тұрғын 38 жалпы тәжірибелік-дәрігерлік, 5 акушерлік-гинекологиялық аймаққа бөлінген. Медициналық мекемеге «Сәулет», «Арай», «Самал», «Саяхат», «Сырдария», «Астана», «Шұғыла», «Ипподром» және «СПМК-70» шағын аудандарының тұрғындары қарайды. Емханада 105 дәрігер, 300 орта буын қызметкер жұмыс істейді.
Call-орталығындағы 4 қызметкер тұрғындар тарапынан келіп түскен қоңырауларға жауап береді. Орталық телефоны арқылы дәрігерді үйге шақыруға, дәрігер қабылдауына жазылуға болады. Сонымен бірге МӘМС бойынша сұрақтар, шағымдар мен алғыстар да, порталға қатысты сұрақтар да қойылып, оларға жауап беріледі. Емханада пациенттердің өзіне-өзі қызмет көрсетуіне арналған 3 терминал жұмыс істейді. Терминалда барлық дәрігердің жұмыс кестесі көрсетіліп тұрады. Келуші өзі қалаған маман қабылдауына жазыла алады. Емхана бас дәрігері Гүлстан Мақсұтованың айтуынша, МӘМС жүйесі аясында ауқымды жұмыстар атқарылған. Ең бастысы, бүгінде емханаға тіркелген 63706 адамның әлеуметтік мәртебесі анықталған. Сондай-ақ, цифрландыру бағытында да бірқатар нақты жұмыстар бар.
Н.Байқадамов аймақтағы стоматологиялық көмектің қолжетімділігі, қызмет түрінің кеңеюі, алдағы жоспарлармен де танысты. Оған қоса республикалық «Әлеуметтік оңалтуды дамытудың ғылыми-практикалық орталығы» облыстық филиалының жылдық жұмысын да саралады.
Аталған орталықтың негізгі мақсаты – кохлеарлы имплантталған балалардың естіп-сөйлеуін дамыту, оқыту мен тәрбиелеу. Облыста мұндай 95 бала бар. Бір жылда 50 балғын оңалтудан өтіп, оң нәтижеге жеткен.
Наурызбай Сейітқалиұлы емдеу ұйымдарының жұмысына оң бағасын беріп, алдағы уақытта жаңа жүйе бойынша атқарылатын жұмыстар назарда болатынын жеткізді.
– МӘМС жүйесі бойынша оңалту, яғни, қалпына келтіруге басымдық беріліп отыр. Ендеше медициналық мекемелер өз жұмыстарын осыған бағыттауы керек. Бұл медициналық көмектің қолжетімділігінің артуына, сапасының жақсаруына мүмкіндік береді, – деді Н.Байқадамов.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |