ҚР Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлер мен медициналық қызметкерлердің орташа жалақысын жариялады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Ботагөз Жақсылықованың айтуынша, Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық қызметтер тарифінде медициналық қызметкерлердің еңбекақысын сатылап арттыру қарастырылған.
«2020 жылдың қаңтарынан бастап, дәрігерлердің жалақысын 30%, орташа медициналық қызметкерлердің жалақысын - 20% арттыру ескеріле отырып, барлық медициналық көмек көрсету тарифтері көтерілді. Бұл арттыру республикалық бюджеттің мақсатты қаражаты есебінен жүргізілді. 2020 жылы оның көлемі 66 млрд теңгеге жетті. МӘМС қаражаты есебінен қосымша 20 млрд теңге бөлінді. 2018-2020 жылдар аралығында дәрігерлердің орташа жалақысы 30% артып, 246 мың теңге болса, орташа медициналық қызметкерлердікі - 41% немесе 144 мың теңгені құрады», - деді Б. Жақсылықова ҚР Парламенті Сенатында өткен жиналыста.