« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Көпшілігіміз спортты қара күш деп қабылдайтынымыз жасырын емес. Алайда сұлулықты, әдемілікті паш ететін спорт түрі де бар. Ол – көркем гимнастика. Расында да спорттағы сұлулық дегенде елімізге алдымен көркем гимнастика түседі. Әдемі қимыл, ерекше киім үлгісі, ырғақты қозғалыс осының бәрі спорттың осы бір түрінен табылады.
Жалпы гимнастика деген атау гректің «жаттығу», «жалаңаш» деген сөзінен шыққан. Өйткені ежелгі Грекияда гимнастикамен айналысатын адам мейлінше жеңіл киінетін болған. Бастапқыда жаттығудың негізі әскерлерді атты тақымдауға үйретуден басталған. Сонымен бірге соғысқа қажетті өзге де әдіс-тәсілдерді үйретуден тұрған. Уақыт өте гимнастика Грекияның білім беру жүйесіне енген. Бірте-бірте ережелер нақтыланып, спорттың сұлу түріне деген сұраныс артты.
Көркем гимнастика – музыка сазымен арнаулы затпен, атап айтқанда, лента, доп, шеңбер, тағы басқа немесе затсыз гимнастикалық жаттығулар комбинациялары орындалатын қыздар арасындағы жарыс. Ол шұғылданушылардың дене сұлулығын қалыптастырып, эстетикалық тәрбие береді. Онда толқынды, серіппелі қозғалыс, би өнеріне тән жүріс, жүгіріс, секіру басым келеді. Бір қызығы, спорттың бұл түрі ресми түрде кештеу мойындалып, тұңғыш мектеп тек 1913 жылы Ленинградтағы П.Ф.Лесгафт атындағы дене шынықтыру институтында ашылған. Мұнда негізінен би гимнастикасы мен би түрлері үйретілген. Ал 1963 жылы халықаралық гимнастика федерациясы жанынан спорттық гимнастика комиссиясы құрылып, 1998 жылы спорттың аталған түрі «көркем гимнастика» деп өзгертілген. Олимпиада бағдарламасына ол 1984 жылы ғана енген.
Мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 1947 жылы Алматы дене тәрбиесі интернатында көркем гимнастика секциясы ашылған. 1949 жылы гимнасшы-қыздар арасында тұңғыш республикалық жарыс өткен. Еліміздегі көркем гимнастика спортын ұйымдастырып, дамытуда Л.Каспарова, Э.Волкова, К.Морозова сынды спортшылар мен жаттықтырушылар көп еңбек сіңірсе, А.Батырбекова, С.Рахметова, С.Барлыбаева сияқты қазақ қыздары 1960-1970 жылдары республиканың бірнеше дүркін чемпионы атанып, халықаралық жарыстарға қатысқан. Ал 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары павлодарлық Ә.Мұстафина, алматылық З.Жақыпова, шымкенттік Ә.Юсуповалар бірнеше дүркін Азия чемпионы, халықаралық турнирлердің жеңімпазы болды.
Спорттың бұл түрі республика көлемінде Шымкент, Алматы, Павлодар, Астана, Өскемен, Қарағанды, Петропавл және Көкшетау қалаларында жақсы дамыған. Ал Сыр өңірінде тұңғыш рет 2011 жылы көркем гимнастикадан бөлім ашылған болатын. Қазір оған 100-ге жуық қыз қатысады. Оларды облыстың аға жаттықтырушысы Гүлмира Әбсұлтан тәрбиелейді. «Мұз айдыны» спорт кешенінде арнайы жасақталған жаттығу залында жас гимнасшылар күнделікті жаттығады.
– Жаттығу залы керекті құрал-жабдықтармен жасақталған. Зал төбесінің сәл аласалығы топтық жаттығу кезінде кедергі келтіретіні болмаса, құрал-саймандарымыз түгел. Бұл жерде менен басқа Сыр елінің тұңғыш спорт шебері атағына ие болған Диана Қанатбек пен спорт шеберіне үміткер Толқын Әбдиева жас жеткіншектерге дәріс беруде. Диана жаттықтырушы ретінде, Толқын хореограф ретінде қыздарымызды баулып жүр, – дейді аға жаттықтырушы.
Оның айтуынша, секция ашылғалы бері жас гимнасшылар түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Мәселен, былтыр Астана қаласында эстетикалық топтық гимнастикадан өткен ҚР чемпионатында Сыр гимнасшылары екі жас ерекшелігі бойынша, яғни, 10-12 жас аралығында күміс жүлде иегері атанса, 8-10 жас аралығында қоланы иеленді. Ал биылғы наурыз айында Алматы қаласында эстетикалық топтық гимнастикадан өткен ашық чемпионатта 1-орынға ие болды. Сондай-ақ, сәуір айында Сингапурда топтық эстетикалық гимнастикадан төрт құрлық жарысы және Сингапур кубогы өтіп, онда гимнасшыларымыз қола жүлдені жеңіп қайтқан. Сонымен бірге, қалада көркем гимнастикадан «Сыр жұлдыздары» облыстық ашық чемпионаты, Тәуелсіздік мерекесіне орай жарыстар дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады.
– Жарысқа жиі қатысқан жақсы. Себебі әр жарысқа қатысқан сайын гимнасшыларымыз шыңдала түседі, тәжірибе жинақтайды. 100-ге жуық қыз болғанымен, солардың ішінде 30-ға жуығы жарыстарға қатысуда. Дана Садықова, Ақбота Өтеген, Әсел Марат, Динара Ерғалиева, Раушан Аспандиярова сынды гимнасшыларымыз түрлі додаларда өздерін көрсетіп жүр. Болашақта Сыр елінің жас гимнасшыларын осылар дайындайды деген үміттемін, – дейді Гүлмира Әбсұлтан.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |