Қызылшадан қорғаныңыз

Ауа райы құбылмалы кезде инфекциялық аурулар белең алады.  Сондай аурудың бірі – қызылша –  ауа  арқылы таралатын жұқпалы ауру.

Облыстық  тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің  мәліметіне сүйенсек, биылғы 10 айда өңірде  473 адам қызылшаға шалдыққан.  Олардың 83%-і ауруға қарсы егілмеген болып отыр.  Оның ішінде 46%-і  жасы жетпеуіне (1 жасқа дейінгі балалар) байланысты егілмесе,  27%-нің  егілгенін растайтын құжаты жоқ және 5%-і жоспарлы профилактикалық екпеден бас тартқан.

Аурудың эпидахуалын тұрақ­тан­дыру мақсатында сәуір айынан бастап   9-10 айлық балалар, қыркүйек айының ­16-нан бастап 20-29 жас аралығындағы ересектер егілді. Бүгінгі күнге дейін жоспардағы 9-10 айлық балалардың (12302 бала)  77%-і немесе 9435-і қызылша, қызамық, эпидпаротит ауруларына қарсы «ККП» вакцинасымен қамтылды.  Ал ­20-29 жас аралығындағы  73301 азаматтың 84%-не  қызылша, қызамық ауруларына қарсы егу жүргізілді.

Мамандардың айтуынша, қызылша  ауруының  жасырын  өту  кезеңі 7-28 күн аралығы, орташа 7-10 күн, аурудың басталу кезеңі 3-5 күнге созылады. Нау­қастың дене қызуы көтеріліп, жоғарғы тыныс жолдары қабынады, құрғақ, қатқыл жөтел пайда болады, мұрнынан су ағып, дауысы қарлығады, ентігу, ауыз-жұтқыншақтың алаулап қызаруы, көздің қызаруы, жасаурауы, іштің өтуі мүмкін. Бұл кезеңде ұрттың сілекейлі қабығында, кіші азу тістерде, қатты таңдайда,  бадамша безде, жұтқыншақтың артқы жағында   қызарған дақтар пайда болады. Ал аурудың нағыз қызған кезеңінде дене қызуы көтеріледі, ағзаның улануы байқалады. Денеде бір-бірімен қосылған анық қызыл бөртпелер пайда болады. Бірінші күні бетке, құлақ артына, мойынға, кеу­денің жоғарғы бөлігіне, екінші күні кеудеге, қолдың жоғарғы жағына, ал үшінші күні қол мен аяққа тегіс тыс­тап бөртпелер шығады. Үшінші күннен кейін бөртпелер біртіндеп қайтады, теріде дақтар қалады. Аурудың айналасындағыларға бөртпе пайда болғанға дейін төрт күн, онан кейін төрт күн ішінде ауру жұғу қаупі жоғары. Сондықтан белгілер байқалған бойда тез арада дәрігерге көріну керек. Қызылшаның арнайы емі жоқ. Өкпенің жедел қабынуы, құлақ естімей, көз  көрмей қалуы, мидың жедел қабынуы секілді асқынулармен қауіпті. Аурудан сақтанудың  ең тиімді жолы және негізгі қорғану тәсілі  –  ауруға  қарсы ектіру. Осы орайда  мамандар тұрғындарды  ауруға қарсы вакцина қабылдап, қорғануға шақырады.


Айнұр БАТТАЛОВА.

Денсаулық 04 желтоксан 2019 г. 483 0