«Senim» Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Кәсіподақ өнерлі мүшелерін қолдайды» атты салааралық өнер байқауы өтті.
Оған қазақстандық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағы облыстық кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары Гүлнар Есқалиева, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының бөлім меңгерушісі Бағдагүл Есмұрзаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасының персоналды басқару және ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Ғалия Ысқақова, аумақтық кәсіподақтар бірлестігі облыстық орталығының бас маманы Майра Боранбаева және «Senim» Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Асылхан Абылайханұлы қазылық етті.
«Ән өнері», «Аспапта ойнау шеберлігі» және «Жеке немесе топтық би» байқауында бірінші орынды 72 ұпай санымен №3 емхана алса, екінші орынды 71 ұпаймен «Αlexei Sultan Ahmet» ЖШС емханасы, үшінші орынды 64 ұпаймен №6 емхана иеленді. Сонымен бірге, «Үздік ән» номинациясымен Қызылорда медициналық жоғары колледжінің оқытушысы Гауһар Балтабаева марапатталса, «Үздік би» номинациясы бойынша Қызылорда қалалық ауруханасының «Үнді биі» бишілер тобы анықталды, ал облыстық психоневрологиялық диспансерінің қызметкері Қарлығаш Сейдалиева «Аспапта ойнаудың үздігі» болып танылды.
Айнұр БАТТАЛОВА.