Екінші өмір сыйлаған

Кардиологияда «алтын сағат» деген ұғым бар. Жүрек санау­лы сәтте сыр бергенде дереу әрекет жасалатын құнды уақыт бұл. Ал, науқастар жедел жеткізілетін бірден-бір орын – облыс­тық  кардиология орталығы. Ондағы білікті мамандардың еселі еңбегінің нәтижесінде жылына 200-ден астам адамға ашық ота жасалуда.
22 тамыз – Жәмила Рамазано­ваның екінші туған күні. Жетпістің желкенін керген кейуана «Коронарлы синдром» диагнозымен Қазалы ауданынан жедел ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер дер кезінде көмек көрсетіп, жүрекке ашық операция жасалды. Күрделі отадан соң өмірге қайта келгендей әсерде. Қазір денсаулығы қалыпты.
– Ұзақ уақыт бойы жүрегім ауырып келді. Операция күрделі болды. Қазір өзімді әлдеқайда жақсы сезінемін. Мен 72 жас­тамын, алты баланың анасымын, немерелерім бар. Күрделі ота жасауға басқа қалаға барудың қажеті жоқ екенін айтқым келеді. Облыстық кардиоорталықта кә­сіби дәрігерлер жұмыс істейді. Оларға алғысым шексіз, менің өмірімді сақтап қалды, – дейді Ж.Рамазанова.
Расында, қазір кардиология­лық ауруларға шалдыққан тұр­ғындарға басқа аймаққа сабылудың қажеті шамалы. Орталықтағы білікті мамандар соңғы 10 жыл ішінде екі мыңнан астам адамның жүрегіне ашық операция жасаған.
Жалпы, облыс­тық кардиоорталықта коронаро­графия, стенттеу оталары жасалады. Ең тиімді деп инсульт немесе инфаркттің бірінші сағатындағы көмек саналады, себебі бұл емдеуде барынша елеулі нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді, – дейді кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Берік Дәуітбаев.
Жүрек хирургиясы – ең қымбат медициналық қызметтің бірі. Бір науқастың операциясына мем­лекеттен 7 млн теңге қаржы бөлі­неді. Жалпы, алдағы үш жыл ішінде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін қар­жыландыруға 2,8 триллион теңгеден астам қаражат қаралмақ. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылуымен дәрігерлер медициналық қызметтердің сапасы мен екі жақты жауапкершілік арта түседі.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің негізгі қағидаты – мемлекеттің, жұмыс берушілердің және пациенттердің бірлескен жауапкершілігі. Әрбір азамат өз денсаулығы үшін жауапты болуы керек. Уақытылы скринингтен, тексеруден өтулері қажет. 2020 жылдан бастап КТ, МРТ, гормондық зерттеулер, ісік маркерлері сияқты қымбат зертханалық және диагностикалық зерттеу­лер барлық сақтандырылған азаматтар үшін, оның ішінде халықтың әлеуметтік әлсіз санаттары үшін ақысыз болатыны қуантады.
Осылайша жаңа жүйенің енгізілуімен медициналық қызметтің сапасы артып, тұрғындардың өмір сүру деңгейі жақсара түс­пек.

«СБ» ақпарат.
Денсаулық 12 қыркүйек 2019 г. 5 915 0