Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Арыс апаты кезінде ауыр жарақат алған Аян Шәріпбаевтың жағдайы туралы толыққанды ақпарат берді, - деп хабаралйды ҚазАқпарат тілшісі.
Денсаулық сақтау министрі Аянның Арыс қаласындағы апат кезінде көлік астына түсіп, жарақат алғанын еске салды.
«Аян Шәріпбаевтың диагнозы - ауыр ми жарақаты. Арыс қаласында көлік астына түскен болатын. Бірінші күні Шымкентте ота жасалған. Кейін оңалмаған соң Нұр-Сұлтанға алдырдық. Жеті жасар Аянның жағдайы бірінші күннен бері өз бақылауымда. Қажетті мамандардың бәрі күнделікті консилиум жасап, маған ақпарат беріп отыр», - деді ол.
Елжан Біртанов Аян Шәріпбаев жансақтау бөлімінде жатқан №2 қалалық аурухананың еліміздегі ең озық медициналық нысан екенін айтып, баланы жазып алуға болатынына сендірді.
«Ол нысан нейрохуриургиялық ем жасауға қажетті заманауи құралдардың барлығымен жабдықталған. Мамандары да өте білікті. Баланың қазіргі жағдайы өте ауыр болғанымен, сапалы медициналық көмектің арқасында жазылып кетеді деген үміт бар», - деді министр.
Еске сала кетейік, Арыстағы жарылыста ауыр жарақаттанған екі бала Нұр-Сұлтанға жеткізілген болатын. Министрдің айтуынша, елордаға алдырылған екінші баланың жағдайы оңалған.
«Екінші баланың жасы 11-де . Оның жағдайы оңалды деуге болады. Қазіргі таңда есін біледі. Жарақаты жазылып, бой түзеп келеді», - деді ол.
Айта кетсек, мұның алдында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Арыста жаңа емхана мен аурухана салынатынын айтқан болатын. Сондай-ақ, Арыстағы жарылыстан зардап шеккен екі адам әлі жансақтау бөлімінде жатыр.