Дәрі ішем деп, дерт жамап...

 Әжем марқұм көзіне көрінген дәріні іше салатын.  Үйдегілер «ойбай, әже-ау, мұныңыз не? Уланып қаласыз ғой» деп азар да безер болып жатқанда, еш саспастан «Е қайтейін енді, ақшаға келген дүние ғой. Босқа тастағанша іше салайын» дейтін. Бұл менің ғана әжемнің әдеті емес-ау, үйінде үлкен кісісі бар көптеген отбасында көрініс тауып жататын жайт болса керек. Бұлай обалсынғаннан бөлек, басымыз ауырса, не сәл салқындап қалсақ дәрігерге қаралмастан бұрын дереу дәріханаға жүгіріп, өзіміз білетін дәрілерді алып, іше бас­тайтынымыз жасырын емес.

Жалпы,  әлемде дәрі-дәр­мекті дұрыс пайдаланбау сал­да­рынан жылына 100 мың адам қайтыс болады екен. Бұл қайғылы оқиғалар мен түрлі апаттардан қаза тапқандарды қоса есептегеннен де көп. Осы­­лайша өлім саны жөнінен дәріні дұрыс тұтынбаушылық 5-орынға шығып отыр. Осын­дай дерек ұсынған Дү­ние­жүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының мәлімдеуінше, дәрі-дәрмекті дұрыс пайда­лан­­бау­ға жарнаманың әсері өте зор екен. Оның ішінде нау­қас­тардың 40 проценті интернет сайттарындағы жалған жарнамаға алданатыны белгілі болды. Оған қоса, телеарналарда күндіз-түні тоқтаусыз беріліп жатқан түрлі дәрілік заттар жарнамасы да тұрғындардың өздігінен сатып алып, тұты­нуына кең мүмкіндік беруде. Ал, ҚР Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің статистикасына сәйкес, әр екінші қазақстандық дәрі-дәрмекті дәрігердің бел­гі­леуін­сіз тұтынады және ха­лықтың жартысына жуығы препараттар жарнамасын нұсқау етіп қолданады. Осыған байланысты министрлік тарапынан ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Мәселен, тұрғындардың дәрі-дәрмек нарығындағы құ­қықтық сауаттылығын арттыру үшін ашық дәрі-дәрмектік ақпараттық-талдау орталықтары құрылды. Оған қоңырау шалу тегін. Одан бөлек, былтыр министр Е.Біртанов 2020 жылы елімізде дәрігердің рұқсатынсыз дәрі-дәрмек сатуға тыйым салынуы мүмкін екенін айтты.

Расында, дәрі-дәрмектердің тиімді қолданылуы саулығы­мызды сақтауда негізгі өмірлік маңызға ие екені белгілі. Егер науқас емді қажет ететін болса, онда ол дұрыс дозада жазылған қажетті дәрі-дәрмекті тиісті емдеу курсына жеткілікті мөлшерде қолдануы тиіс. Тағы да сол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек,  барлық дәрілердің 50 проценттен астамы тиісті деңгейде тағайындалмайды немесе сатылмайды және әрбір екінші науқас дәрі-дәрмекті дұрыс қабылдамайды екен. Ал дәріні шамадан тыс немесе жеткіліксіз, болмаса дұрыс пайдаланбау адамдарға тек зиян келтіреді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы дәрі-дәрмек бөлімінің басшысы Ләззат  Әйтімбетованың айтуынша, дәрі­лік заттар айналысын реттеу заңнамалық құжаттарында олардың дәрігер бақылауымен тағайындалуы, дәріханадан босатылу талаптары үшін рецеп­тілерді жазу, есепке алу және сақтау қағидалары бекітілген.

– Рецепт – бұл дәрігердің дәрі-дәрмекті науқастың қалай пайдалану керектігі және дәрілерді босату туралы дәріхана фармацевтіне жаз­­баша өтініші. Рецептілер блан­кісінде дәріні қолдану тәсілі, дозасы, жиілігі мен қабылдау ұзақтығы көрсетіледі. Ол бойынша фармацевт дәрілік заттарды беріп, ал науқас препаратты қолданудың тәсілін сақ­тай отырып қабылдауы тиіс. Рецептпен босатылатын дә­рілік заттарға құрамында есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар бар дәрі-дәр­мектер, парентералдық енгізуге арналған дәрілер, стационар,  яғни, аурухана, күндізгі ем­хана жағдайында ғана қолда­нылатын дәрілер жатады. Сонымен бірге, медициналық бақы­­лаусыз қолданған кезде адам денсаулығына қауіп төндіретін препараттар кіреді. Осы тізімделген рецепт бо­йынша босатылатын дәрілік заттар қолданыстағы дәрі-дәрмектердің 70 проценттен астамын құрайды, – дейді Л.Қани­байқызы.

Оның айтуынша, биылғы мамырдағы жағдай бойынша елімізде дәрілік заттардың 7792 атауы тіркелген, оның ішінде дәрігер рецепті бойынша 6033, рецепсіз 1759-ы сатылады.

«Әрине, халық арасында кеңінен қолданылатын Баралгин, Нимесил, Кетанов сияқты таблеткаларды қабылдау жеңіл әрі ыңғайлы, бас, тіс, бас­қа да ауруларды басуға қол­данылатын препараттар. Алайда, бұл дәрілердің дәрігер рецепті бойынша босатылуға тиіс екенін біріміз білсек, біріміз білмейміз. Ал оларды ұзақ уақыт немесе бірнешеуін бір уақытта қолданудың салдары организмдегі басқа аурулардың пайда болуына себеп болуы мүмкін», – дейді бөлім басшысы.

Дәрі-дәрмекті дәрігердің тағайындауымен тұтыну  ең алдымен әрбір адамның өз өміріне деген жауаптылығын көрсетеді. Сондықтан дәріні жалт-жұлт еткен жарнамасына сүйеніп өз бетіңізше емес, дәрігер ұсынымы бойынша, рецептімен пайдаланудың маңызы зор екенін естен шығармаған абзал. Ал дұрыс пайдаланбаған жағдайда дертке дауа болар дәріңіз ауыр науқасқа ұшыратуы әбден мүмкін.


Айнұр БАТТАЛОВА.

Денсаулық 25 маусым 2019 г. 878 0