Перинаталдық орталыққа жаңа аппарат алынбақ

 Қызылорда қаласындағы облыстық перинаталдық орталық Burabike Fest VII қайырымдылық спорттық-музыкалық фестивалінің бенефициарлар тізіміне енгізілді. Фестиваль ұйымдастырушылары орталыққа гипотермияны емдеуге арналған аппарат сатып алуды жоспарлап отыр.

Аталған фестиваль 2019 жыл­дың 24-25 тамызында Щучинск-Бурабай курорттық айма­ғында өтеді. Фестиваль ұйымдастырушылары – Ақ­мо­ла облысы әкімдігі мен Болат Өтемұратов қорымен бір­лес­кен Rixos Borovoе қонақ үйі.

Дәстүрлі түрде төлемнен, демеушілік жарналардан, сон­дай-ақ қайырымдылық аук­цио­нынан түскен қаражат Қа­зақстан аймақтарындағы ау­ру­­ханалар мен клиникаларға ме­дициналық жабдықтарды сатып алу үшін жұмсалатын болады. Биылғы жылы бес бенефициар таңдалды, оның ішінде Қызылорда қала­сындағы об­лыстық пери­наталдық орталық та бар.

Болат Өтемұратов қорының қызметкерлері Қызылорда қа­ла­­сындағы облыстық пери­на­­талдық орталыққа барып, ем­деу мекемесінің басшы­лы­­ғымен кездесті. Кездесу ба­рысын­да орталықтың құ­рал-жабдық қажеттіліктері тал­­­қы­ланды.

Олар гипотермияны  емдеуге арналған құны 12 000 000 теңге болатын аппаратты алып беру жайлы өтініш білдірген болатын. Бұған дейін 2014 жылы перинаталдық орталыққа өкпеге  жасанды дем беруге арналған  2 аппарат берілді», – деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.

Жалпы Burabike Fest жыл сайынғы қайырымдылық фестивалін өткізудің мақсаты — балалардың физикалық денсаулығын нығайтуға және ҚР азаматтарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған қайы­рымдылық жобаларын қар­жыландыру және іске асыру үшін қаражат жинау. Фес­тиваль аясында 6 жыл ішінде 700 млн теңгеге жуық қаражат жиналған. Ол қаржыға балалар медициналық мекемелеріне, перинаталдық және оңалту орталықтарына, балалар үйлеріне құрал-жабдықтар сыйға тартылды. 2018 жылы фестивальда 205 млн теңге қаражат жиналып,  Мерке (Жамбыл облысы), Тимирязев (Солтүстік Қазақстан облысы), Панфилов (Алматы облысы), Алакөл (Алматы облысы), Ағадыр (Қарағанды облысы) медициналық меке­мелеріне медициналық және оңалту жабдықтары сатып алынған.

Айта кетейік, Burabike Fest 2019 алғаш рет екі күндік іс-шара ретінде өткізіледі. Бағдарлама аясында веложарыс, open-air-қазақстандық орындаушылардың концерті, теннис турнирі, мастер-клас­стар, пикник, кешкі және күндізгі аукциондар ұйым­дастырылады. burabike.kz сайтында тіркелсеңіз де болады. Шараға  кез келген адам қатыса алады.

«СБ» ақпарат.

Денсаулық 20 маусым 2019 г. 1 758 0