Зертханашы

Құрылысына қомақты қаржы жұмсалған  Аралдағы орталық аурухана 150 адамға арналған. Үш қабатты ғимаратта терапия, хирургия, травматология, педиатрия, дерматовенерология және жұқпалы аурулар бөлімдері бар.  Палаталарға науқастарға қажетті бар жағдай қарастырылған. Шұғыл жағдайда көмек көрсететін оттегі беру қызметі де ескерілген. Ғимарат газбен жылытылады. Үш ауылдық емхана, 11 дәрігерлік амбулатория, төрт медициналық және бір фельдшерлік-аку­шер­лік бекет қарайтын бұл мекеме соңғы үлгідегі жабдықтармен жарақтандырылған. Америкалық, германдық өндірістен шыққан осындай жаңа медициналық құралдар арқасында күрделі оталар жасап, телемедицина арқылы еліміздегі жетекші клиникалар мамандарымен тәжірибе алмасуға да мүмкіндігі зор. Сонымен бірге, облыс орталығына баратын Арал, Қазалы аудандары тұрғындары үшін осы аурухана қызметі үлкен көмек екені даусыз.
Біз айтқалы отырған кейіпкер осы ауруханада қызмет атқарады. Қызметі сіз ойлағандай, үлкен дәрежеде де емес. Бірақ, аурухана тарихында оның елеулі еңбегі бар. Отыз жылдан астам уақыт қарапайым лаборант қызметінде келе жатқан Гүлбике Қалиеваның аудан тұрғындарының саулығына қосқан үлесі зор десек, артық айтпаспыз.
Алматыдағы республикалық медициналық колледжін лаборант мамандығы бойынша бітірген ол 1981 жылдан бастап аудандық орталық ауруханасына зертханашы болып жұмысқа орналасты. Осы кезге дейін сол бір орында табан аудармастан еңбек етіп келеді.
Айтпақшы, біздер, яғни, емделушілер дәрігердің жасаған медициналық қызметін көзбен көргеннен соң, бар алғысты соған жаудыратынымыз бар. Ол енді заңдылық. Дәрігердің жасаған ем-домына ауырған қай адам да риза көңілмен қарайтыны белгілі. Бір қызығы, бойдағы кеселді нақтылауға үлес қосқан зертханашы еңбегін көбіміз біле бермейміз. Ол кісілер солай тасада қалады. Тек саусағыңыздан қан алғанда қысқа мерзімде жанына барып, бір сәт сараптамадан өткеннен кейін, ол жайлы тіпті жадыңызда да қалмайды. Ал, терең түсініп қарасаңыз, көз майын тауысып, микрос­копқа үңіле қараған зертханашының диагноз қоюдағы үлесі зор. Мұндайда қателесуге болмайды. Өйткені, асығыс жасалып, немқұрайды қаралған сараптама науқас өмірін одан сайын қиындатуы мүмкін. Дәрігер диагноз қоюдан шатасып, келген емделуші ауруына ауру қосып алуы да кәдік. Міне, осындай төзім мен шыдам, білім мен дәлдікті бойына қалыптастыра білген зертханашы-лаборанттардың жұмысы шынымен де ауру тарихында үлкен рөл атқарады.
– Маман ретінде қалыптасуыма алғаш рет жұмысқа орналасқан кездегі бөлімше меңгерушісі, дәрігер-лаборант Ғаламнұр Бекмамбетованың еңбегі зор. Ал, осы күрделі мамандықтың бар қыр-сырын жалықпастан үйреткен Нәзира Есжанованы өз ұстазым ретінде құрметтеймін. Біздің зертханалық жұмысымыз бүгінде электронды микроскоп, үлкен гематологиялық талдау аппараттарының көмегімен жаңа сатыға көтеріліп отыр. Заманауи құрылғылар бұрынғыға қарағанда науқастарға жедел көмек көрсетуде өз септігін тигізуде. Аудандық, ауылдық жердегі медициналық көмектің дамуына мемлекеттің ұдайы қамқорлықпен қарауы бізді де, тұрғындарды да қуантады, – дейді Гүлбике апай.
Мамандығын мақтанышым деп қарайтын зертханашы Гүлбикенің зейнет жасына жақындаса да қимылы ширақ, қозғалысы тез. Бұрынғыдай емес, жылдам әрі жаңа заманауи қондырғымен түрлі дерттің алдын алуда мүмкіндіктің мол екенін айтқан ол, өткен ғасыр жылдарына қарағанда ауыл медицинасының алға көп жылжығанын айтады. Әсіресе, Гүлбике апайдың 90-шы жылдары Аралда болған оба мен безгек дерттеріне шалдыққан науқастардан сақтық шараларын сақтай отырып талдауға материал алғаны және оны қиындықпен анықтағаны ерекше есінде қалыпты. Ал қазір материалдық-техникалық базасы жақсарған денсаулық саласы барлық аудан тұрғындарын қуантып отыр.
Өз саласы бойынша бірнеше рет білім жетілдірген, жоғары санатты лаборант Гүлбике Қалиева үлгілі еңбегі үшін сан рет түрлі марапаттарға ие болды. Дәрігер-лаборант Нұрбек Сұлтанов, зертханашы Айнұр Жарымбетова және тазалықшы Ләззат Жұбандықовамен бірге науқас жандардың дерт түрін нақтылауда өз үлесін қосып жүрген ол ұжымда сыйлы, ел арасында беделді ана.
Гүлбике Қалиева жолдасы құ­ры­­­­лыс­шы Бақытпен бірге қазір ­хи­мия-биология пәнінің мұғалімі Клара мен мемлекеттік қызметкер Берікті өмірге әкеліп тәрбиеледі. Сонымен қатар ұл-қызынан немере сүйіп отырған бақыт­­ты әже. «Адамдар ауырмасын» деген ең басты тілегін айтқан Гүлбике апай­мен біз осылай тілдесіп қайтқан болатынбыз.
Айта кетейік, Сыр бойында соңғы 2 жылда медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы ны­ғайтылып, барлық аудандарда ауысымына  250 келушіге арналған емха­на­лар мен 11 медициналық бекет са­­лынды. Облыстың денсаулық сақтау сала­сында алдағы уақытта 48 дәрігерлік амбулатория, 7 фельдшерлік-аку­шерлік бекет, 27 медициналық бекет құрылысы  жоспарлануда. Медициналық ұйымдарды арнайы техникамен қамтамасыз  ету бойынша әлемнің кез келген клиникасымен байланысқа түсуге мүмкіндік беретін мобильді ота жасайтын қондырғы орнатылды. Мұндай қондырғымен республиканың  5 клиникасы ғана жабдықталған.

Ержан ҚОЖАСОВ.
Денсаулық 15 маусым 2019 г. 618 0