Обаның табиғи ошақтарындағы санитариялық алдын алу

Біздің облысымыз Орталық Азия табиғи шөлейтті оба ошағының белсенді бөлігінде орналасқан. Қызылорда обаға қарсы күрес станциясының қызмет көрсету аймағы облысымыздың Байқоныр қаласынан бастап Жаңақорған ауданының аумағына дейін болса, солтүстікте Қарағанды облысының Ұлытау ауданы,  оңтүстікте Өзбекстан шекарасына дейінгі жерлер кіреді.
Эпизоотологиялық бақылау жасау аумағының көлемі 167100 шаршы шақырым оның 140200 ш.ш. (84%) обаның энзоотиялық аймағын құрайды.    
Эпизоотологиялық зерттеу аумағында орналасқан халықтың оба және басқа да аса қауіпті, карантинді жұқпалардан санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету мақсатында станцияның және Жосалы обаға қарсы күрес бөлімшесінің 2 тұрақты зертханасы, 5 эпиджасақ күшімен эпидемиологиялық бақылау лдын алу шаралары ұйымдастырылады.
Жыл сайын кеміргіштер арасында әр түрлі деңгейде оба ауруының эпизоотиясы тіркелуде. Өткен  жылы станция бойынша 84300 ш.ш жер зерттелді. Бұл жылдық жоспардың 100,2 процентін құрайды. Зерттеу барысында кеміргіштер мен сыртмасылдар арасында 600 ш.ш жер көлемінде оба эпизоотиясы тіркелді. Бактериологиялық әдіспен 8 оба қоздырғышы және 28 серопозитивті кеміргіштер анықталды. Оба эпизоотиясы тіркелген аймақтарда тиісті эпизоотиялық және эпидемиологиялық шаралар уақытылы, өз деңгейінде атқарылды.
2018 жылға станция бақылауындағы аумақта тұрақты қауіпті топтарға жататын 14706  адам обаға қарсы егілуге жоспарланып, 14105 адам егілді  (орындалуы 96%).
Облыстық ветеринариялық бақылау басқармасының ресми деректеріне сай, станцияның бақылау аумағындағы  барлығы 9820 түйе малы бар, басым көпшілігі энзоотиялы жерлерде қоныстанған халық меншігінде. 2018  жылы түйе обасына қарсы  алдын ала егумен  жоспарға сәйкес 2000 түйе малына қамтылды.
Станция зертханаларына жеткізілген  материалдар обамен қатар басқа да зооноздық індеттерге (листериоз, пастереллез, псевдотуберкулез,  ішек, кристенсени иерсинозы) тексеру мақсатында кеміргіштер бактериологиялық және серологиялық әдістермен зерттелді.
Эпидемиологиялық маусым кезінде зерттеу нәтижесінде барлығы 13125 серологиялық реакция қойылды, оның ішінде 19 сынама пастереллезге, 27 сынама листериозге, 46 сынама кристенсени иерсиниозына, 36 сынама ішек иерсениозына, 57 сынама туляремияға, 100 сынама псевдотуберкулез иерсиниозына оң мәнді болып табылды.
Облыс аумағын кесiп өтетiн темiр жол, автокөлiк магистральдары Қызылорда қаласын, аудан орталықтарын басқа облыстармен, әсiресе тырысқақтан қолайсыз Түркістан облысы мен Өзбекiстан Республикасымен байланыстырады. Әуежай арқылы басқа облыс орталықтарымен, елдермен әуе байланысы бар. Көптеген облыстармен, алыс-жақын шет елдермен нарықтық, туристiк, сауда-саттық байланыстары нығая түсiп, облыс бойынша көшiп-қону үрдістерiн жандандырып, тырысқақтың облысқа әкелiну қаупiн тудыруда.
Сол себептен Қызылорда облысы тырысқақтың эпидемиологиялық қауіптілігін құрайтын кешенді факторлар бойынша  I-типті аумақтарға жатады.
Өткен жылы  тырысқақтың алдын-алу мақсатында 4333 жедел ішек ауру науқасы тексеріліп, оның ішінде тырысқақ вибриондары бөлінген жоқ. Қоршаған орта нысандарынан 257 су сынамасы зерттеліп, 39 серотобы О1 емес, яғни эпидемиологиялық маңызы жоқ тырысқақ вибрионы бөлінді.
Көп жылдар бойы облысымыз Қырым-Конго геморрагиялық қызбасынан қолайсыз болып келеді. 127 елді мекен осы аурудан қолайсыз елді мекендер есебіне алынған.
Станция бойынша барлығы - 11955 дана кене зерттеліп, 304 данасынан Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының антигені анықталды.
Қазіргі таңда Қызылорда облысы бойынша анықтылған жайылымдық кенелердің жаппай кездесетін түрлері:  Hyalomma scupense,  Hyalomma asiaticum, H.anatolicum, Dermacentor niveus, Rhipicephalus pumilio.  
Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы қоздырғышының  сақтаушысы және таратушысы болып келетін кенелердің барлығы 12 түрін анықтап, олардың өсіп-жетілу сатылары, фенологиясы, кенелердің турлеріне карай табиғатқа шығу мерзімдері анықталды.
Кене қауымдастығының жалпы жағдайын бақылау мақсаты кенелердің белсенділік кезеңін, олардың экологиясын терең де арнайы жүйелі бағдарлама бойынша жүргізу, кенелердің фаунасын, көбею мерзімін, фенологиясын анықтауға арналған бақылау жұмыстары жалғастырылуда.
Сонымен бірге  коллекциялық жадығадтарды зерттеу барысында иксод кенелерінің түрлік белгілерін нақты анықтау үшін электрондық анықтауыш жасауға жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта бағдарламалық қамтамасыздандырудың прототипі дайындалды. Бұл жұмыстардың негізі ҚР Әділет министрлігінде авторлық құқықпен қорғалатын объектіге айрықша мүліктік құқықтарында «Электронный справочник – определитель Arthropodia» атауымен 2018 жылдың 28 наурызда № 0802 жазбасында тіркелгені куәландырылған.
Станция мамандарымен жұмыс тәжірибесінің нәтижелерін қорытындылау, эпидемиологиялық бақылауды жақсарту мақсатында ғылыми-зерттеу басылымдарында 13 мақала жарияланды.
Эпидмаусым алдында карантиндік жұқпалардың клиникасы, диагностикасы, эпидемиологиясы туралы нұсқаулықтар, семинарлық сабақтар ұйымдастырылады.
Аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу барысында 76 семинар өткiзiлді. 119 жаттығу сабағы ұйымдастырылып, онда 305 дәрігер, 1526 орта буын мамандары қамтылды. Халық арасында 56 дәрiс оқылып, 2733 әңгiме өткiзiлді, 3871 парақшалар үлестірілді. Санитарлық-ағарту жұмыстарымен 13694 адам  қамтылды.
Станцияның материалдық-техникалық жағдайын, биологиялық қауіпсіздігін және физикалық қорғауын жақсарту мақсатында біршама жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, станцияға және Жосалы обаға қарсы күрес бөлімшесіне электронды кіріп-шығу жабдығы (интроксоп) және стационарлы металлодетектор қондырғылары орнатылды.
Интроскоп жабдығын пайдалану үшін ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінен 16.01.2019ж. №19000625 лицензия алынды.
Станция және Жосалы обаға қарсы күрес бөлімшесіне қарасты эпиджасақтарға медициналық қалдықтарды жою мақсатында 7 дана инсинератор пештері орнатылып, «Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан» қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат алынды.
Жосалы обаға қарсы күрес бөлімшесіне қарасты Түпбөгет эпиджасағы Қуандария елді мекенінен Көмекбаев елді мекеніндегі станция балансына алынған бұрынғы интернат ғимаратына көшіріліп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жаңақорған ауданының Байкенже және Жалағаш ауданының  Жаңадария елді мекендерінде орналасқан эпиджасақ зертханаларының қоршауларына талапқа сәйкестендіріп (биіктігі 2,5м, қоршаудың жоғарғы жағына 3 қатар тікенекті сым жүргізілді) күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
2018 жылға арналған бюджеттік сұранысқа сай станцияға медициналық  және басқа да құрал жабдықтардың 64 бірлігі алынды.
Станция және бөлімше ғимараттарының жылу жүйесіне, сонымен қатар, бөлімше, эпиджасақ ғимараттарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды, құрал-саймандар жөнделді, жарамды қалыпта ұстау үшін зертхана саймандарына, компьютер, спутник телефондарына және басқа да құралдарға, өзге де тұрмыстық техника заттарына жоспарлы жөндеулер жүргізілді.
Қызылорда обаға қарсы күрес станциясы обаға және басқа карантинді, аса қауіпті инфекциялар бойынша эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіп, облыс бойынша эпидемиологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге атсалысуда.

   Н.НҰРМАҒАНБЕТОВ,
Қызылорда обаға қарсы күрес
 станциясының басшысы.
Денсаулық 28 қаңтар 2019 г. 685 0