ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУДА ДӘЙЕКТІ ІСТЕР БАР

Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте облыс­тық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова салада өткен жылы атқарылған жұмыстарды саралады.
Басқарма басшысының айтуынша, соңғы заманауи технологияларды енгізуге, материалды-техникалық базаны күшейтуге, профилактикаға, науқастарды диагностикалау мен емдеуге қаржыландыру көлемі ұлғайып, соңғы 5 жылда 39,8 процентке артса, елді мекендердегі-бас­тап­қы медициналық сани­тарлық көмек көрсететін ұйым­дардың 63 проценті жаңартылған. Ал, соңғы екі жылда 25 медициналық нысан қолданысқа берілген.
Денсаулық сақтау ұйым­дарын заманауи медициналық техникамен жабдықтауға соңғы 5 жыл ішінде 8047,4 млн теңгеге құрал-жабдықтар сатып алынып, нәтижесінде саланы жарақтандыру көрсеткіші 34,9%-ке өсіп, былтыр 79,26 процентті құрады.
– Өткен жылы Байқоңыр қаласында облыстық медицина орталығының филиалы ашылып, осы уақытқа дейін Ресей Федерациясы ұйымдарынан қызмет алып жүрген 25 мыңнан аса қазақстандық тіркелді. Ақай, Төретам елді мекен­деріндегі тұрғындарға ма­мандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында биылдан бас­тап аталған елді мекендердегі медициналық мекемелер филиал құрамына берілді. Қазіргі таңда филиалда 14 жалпы тәжірибелік аймақ ашылып отыр,– деп атап өтті А.Әлназарова.
Шұғыл медициналық көмек сапасын арттыру мақсатында 14 бастапқы медициналық- са­нитарлық көмек көрсету ұйы­мында жедел жәрдем бөлімшелері ашылып, жаңадан 28 топ іске қосылған. Осының нәтижесінде жедел жәрдем тобының саны 2017 жылмен салыстырғанда 57-ден 75-ке өскен. Онан бөлек, жедел жәрдем, стационарлық және амбулаториялық емдеу ұйымдарында «Көмек» және «КМИС» медициналық ақпараттық жүйелері арасында интеграция жасалған. Сонымен бірге, облыстағы 10 жедел медициналық көмек көрсететін стационардың қабылдау бөлім­дері жаңартылып, триаж жүйесі енгізілген.
Ауыр науқастарға сани­тарлық авиацияны шақыртулар саны 14,3 процентке өсіп, 1204-ті құраған.
Белгілі болғанындай, өңірде «2018-2020 жылдарға арналған хирургия (балалар және ересектер), реанимация-анестезиология, неонатология салаларын дамыту жөнінде Жол картасы әзірленіп, жүзеге асырылуда. Осыған орай, былтыр 256 млн теңгеге жуық қаржыға медициналық құрал-жабдықтар алынып, балалар ауруханасы хирургиясының жабдықталуы 70,3 проценттен 92 процентке жеткізілген.
Неонатальды хирургия мамандарының біліктілігін арттыру мақсатында екі маман Корей елінде білімін жетілдірді. Нәтижесінде сәбилер өлімі 8,6 процентті құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 4 есеге төмендеген. Сондай-ақ, балалар ауруханасында көлемді ота­лар саны 512 жағдайға өскен. Хирургиялық ота жасаудың жаңа 22 әдісі тәжірибеге енгізіліп отыр.
Тегін медициналық көмек­тің кепілдік берілген көлемі шеңберінде амбулаториялық деңгейде тұрғындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін өткен жылы бөлінген қаржы 2017 жылмен салыстырғанда екі есеге өсіп, тұрғындарды тегін дәрілік заттармен қамту 100 процентті құраған.
Мамандар тапшылығын азайту мақсатында 2016 жылдан бастап облыс әкімінің гранты негізінде 42 резидент еліміздің 5 жоғары оқу орнында даярлануда. Есепті кезеңде сонымен бірге, 30 жалпы тәжірибелік дәрігер даярлауға облыс әкімінің арнайы гранты бөлінді.
Басқарма басшысы салада ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электронды денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын аурухана» жүйесіне көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру жұмыстарының қарқынды жүргізіліп жатқанын айтты. Мәселен, бұл бағытта 32 медициналық ұйымға ақпараттық жүйелер енгізіліп, 100 процентке жеткізілген.
Саладағы осындай қар­қынды жұмыстардың нәти­жесінде облыс халқының өмір сүру ұзақтығы 1,9 жасқа өсіп, 72,6 жасты құраса, өлім-жітім көрсеткіші 1000 тұрғынға шаққанда 1,8 процентке төмендеп, 5,44-ті құрап, нысаналы индикаторға қол жеткізілген. Қан айналым жүйесінен өлім-жітім көр­сеткіші 10,4%-ке тө­мен­десе, қа­терлі ісіктерді ерте сатысында анықтау көрсеткіші 15 процентке жоғарылап, 25,2 процентті көрсетуде.
Айнұр БАТТАЛОВА.
Денсаулық 22 қаңтар 2019 г. 1 577 0