Жайың қалай, ауылдық аурухана?

Қазіргі уақытта елімізде бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізудің кезеңдік жұмыстары жалғасуда. Денсаулық сақтау мекемелерінде құрылымдық өзгерістер болып жатыр. Заң талаптарына сәйкес, облыс бойынша ауылдық елді мекендердегі жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын ауруханалардың жұмыс істеу қажеттілігіне, тәуліктік стационарлық төсек-орындарды күндізгі стационарларға ауыстыру мүмкіндігіне байланысты зерделеу жұмыстары жүргізілді. Зерттеу жұмыстарының нәтижесі қандай? Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Ысқақов саладағы өзгерістердің жай-жапсарын баян етті. 

– Облыс бойынша жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын ауылдық елді мекендерде тәуліктік 103 төсек-орын бар. Бүгінгі таңда медициналық қызметке ақы төлеу тетіктері өзгеріп жатыр. Осы уақытқа дейін ауруханаларды, емханаларды қаржыландыру жүйесі облыстық денсаулық сақтау басқармасы арқылы жүргізілсе, биылдан бастап міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры жұмыс істейді. Демек, 2019 жылдан бастап жергілікті бюджеттен тек коммуналдық қызметтерге және жөндеу жұмыстарына ғана қаржы бөлінеді. Осыған байланыс­ты, облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан жұмыс тобы құрылды. Ауылдық елді мекендерде қанша халық бар, қаншасы жергілікті ауруханаларда емделіп жатыр? Елді мекенге аудандық аурухана қаншалықты жақын орналасқан? Арнайы комиссия осы сауалдар бойынша зерттеу жұмысын жүргізді. Нәтижесінде ауылдық елді мекендердегі 103 төсек-орынның 66 төсек-орны оңтайландыруды, 37 төсек-орын қысқартуды қажет ете­тіндігі анықталды, – дейді ол.

Айталық, Қазалы ауданында 3 ауылдық аурухана бар, Қожабақы, Бозкөл, Бекарыстан би елді мекен­дерінде. Қазалы аудандық ауруханасына ең жақын елді мекен – Қожабақы. Одан кейін Бекарыстан би ауылы орналасқан. Зерделей  келе, үш стационарды түгелдей жауып тас­тамау үшін,  қалаға жақын Бекарыс­тан би мен Қожабақы ауылдық ауруханаларын оңтайландыруға ұсыныс берілді. Аурухананың әрқайсысында 6 төсек-орын бар. Қожабақыда осы кезге дейін дәрігерлік амбулатория бөлек, аурухана бөлек ғимаратта жұмыс істеп келді. Аурухана өткен ғасырдың 70-ші жылдарында салынса, дәрігерлік амбулатория соңғы жылдары типтік үлгіде бой көтерген. Сондықтан, ауруханадағы 6 төсек-орын қысқартылып, дәрігерлік амбулаториядан 15 төсек-орын етіп қайта ашылды. Мұнан халық ұтылмайды, керісінше төсек-орынның саны артып отыр. Көшіру жұмыстарын жүргізбес бұрын науқастар дертіне зерттеу жасалғанын айта кету керек. Диаг­нозына сәйкес, барлығына күндізгі ауруханаға жолдама берілген.

– Айтқандай, ауыл тұрғындары жақын орналасқан аудан орталығын­дағы ауруханаға да көріне алады. Оңтайландыру жұмыстарын жүргізу барысында заң талаптарымен қатар, аурухананың экономикалық жағ­дай­ын да есепке алдық. Ал Бозкөл ел­­ді мекенінде дәрігерлік амбулато­рия мен аурухана бір ғимаратта орналасқан әрі оған қарайтын ша­ғын ауылдар көп. Сондықтан бұл ауылдағы мекемеде құрылымдық өзгерістер болған жоқ.

Қызметкерлерге келсек, осы кез­ге дейін Қожабақыда 12,5 штат­тық қызметте 20 қызметкер жұмыс іс­теп келген. Бүгінде медицина қызмет­керлері түгел жұмыспен қамтылған, бірақ кіші буын қызметкерлері, аяжандардан 7 адам қысқартылды. Бекарыстан би ауылындағы ауруха­надан да қысқартылған қызмет­кер­лер бар. Олардың әлеуметтік жағ­дайларына талдау жүргізілді, кей­бірі зейнет жасынан асқан. Бұл қызметкерлерге заңға сай еңбек өтемақысы беріледі, – дейді Олжас Ермекұлы.

Медицина мекемелеріндегі құры­лымдық өзгеріс Қазақстан Респуб­ликасының денсаулық саласын да­мы­тудың 2016-2019 жылдарға арнал­ған «Денсаулық» мемлекеттік бағдар­ламасы, Қазақстан Рес­публикасы Денсаулық сақтау ми­нистр­лігінің 2017-2021 жылдарға арналған стратегиялық жоспары және облыстың денсаулық сақ­тау саласын дамытудың 2018-2025 жылдарға арналған «Бірыңғай перс­пективті жоспарына» сәйкес жүр­гізілген. Заңға сәйкес арнайы комиссия ауылдық елді мекендерде орналасқан аурухананың 66 төсек-орыны оңтайландыруды, Қазалы, Қар­мақшы, Жалағаш аудандары бойынша ауылдық ауруханадағы 37 төсек-орын қысқартуды қажет етіп отыр. Оңтайландыру, біріктіру жұмыс­та­рының  тиімділігі, емдеу ісі бойынша негізсіз қаржының, коммуналдық шығындардың төмен­деуіне әкелді. Нақты дерек, биыл­ғы жылы жергілікті бюджет есе­бінен ауылдық елді мекендегі стационарларды ұстап тұруға 265 128,0 мың теңге бөлінсе, келер жылға 33 310,0 мың теңге қаржы бөліну жос­парланып отыр.

Денсаулық 08 желтоксан 2018 г. 3 989 0