Айкезбе дерт пе?

Айкезбе дертінің медициналық атауы – сомнамбулизм. Бұл термин адамның ұйқы кезінде сөйлеуін әрі жүруін білдіреді. Айкезбе дертін айдың толуымен, оның жерге әсерінің артуымен байланыстырады. Дегенмен, медицинада бұны жай ғана аңыз ретінде қабылдайды. Сомнамбулизм дерті әлемдегі ең жиі таралған дерттердің қатарына жатады. Әлем халқының 2,5% айкезбеге шалдыққан. Айкезбе белгілері жиі қайталанатын болса, дәрігердің көмегіне сүйенген дұрыс. Өйткені, эпилепсия дертінің де белгісі айкезбелікке ұқсайды. Ал, сирек кездессе уайымдаудың қажеті жоқ.
Белгілері: •
Айкезбелер ұйықтап жатып орнынан тұрады және сөйлейді. Олар қимылдап, әңгіме айта бастауы мүмкін. Сырттай ол ояу секілді көрінгенімен, оның қимылдары баяу әрі бірқалыпты болады. Көздері ашық болғанына қарамастан, олар ешнәрсені қабылдамайды, естімейді. 
• Айкезбені ұйқысынан ояту мүмкін емес. Мұндай жағдайлар аптасына бір-екі рет қайталанып тұрады.
 • Барлық айкезбелер жүре бермейді. Керуетінен көтеріліп, бір орында отыратындар да бар. Ал, кейбірі, керісінше,  есікті ашып сыртқа шығады. Тіпті, көлікті оталдырған жағдайлар да кездескен. Айкезбе ұстамасы ұзаққа созылмайды: небәрі бір ғана сағатты алады. Айкезбелер жиі орнына оралып, қайта ұйықтап қала алады. Тек таңертеңгісін ешнәрсе есінде болмайды.
Оның негізгі себептері қандай?
Көп адам айкезбелік психиканың бұзылуынан туындайды деген қате пікірде. Шындығында, ол жүйке жүйесінің бұзылуымен байланысты. Айкезбе жиі балалар мен жасөспірімдерде кездеседі. Ал, ересектерде кездесу мүмкіндігі 1000 адамның ішінде 1-ге тең. Бұл мәселе тек сезімтал адамдарда кездеседі. Олардың миында қоздырғыш түйіндер жиі кездеседі. Айкезбеге шалдыққан адам толық тексерістен өту үшін дәрігердің көмегіне сүйенген жөн. Кейде ондай адамдардың диагнозы – самай бөлігінде қалыптасатын эпилептикалық түйіннің қалыптасуымен байланыстырады. Яғни, эпилепсия дертінің бастапқы деңгейі болуы мүмкін. Мұндай адам сыртқы ортаға тұйық әрі салмақты адамның әсерін қалдырады. Ал, шындығында олар өте сезімтал келеді.
• Одан бөлек, адам температурасының көтерілуі де айкезбенің туындауына алып келеді. Бірақ, ол бір реттік жағдай.
• Әлемде айкезбеге шалдыққан  15%-ға жуық бала бар. Олар психикилық тұрғыдан сау. Уақыт өте айкезбе өздігінен жоғалады.
• Сонымен қатар, айкезбеліктің тұқым қуалайтыны дәлелденген. Егер, сомнамбулизммен ата-ананың екеуі ауырған болса, баланың да айкезбеге шалдығу мүмкіндігі жоғары.
Қаншалықты қауіпті? 
Айкезбенің денсаулыққа төндіретін қауіп жоқ. Дегенмен, айкезбе өз ісіне жауап бермейтіндіктен түрлі жарақаттар алуы әбден мүмкін. Біреулер далаға шығып кетеді, енді бірі терезеден шығамын деп құлауы да мүмкін. Кейбіреуі шатырға да шығады. Бастысы, айкезбені ұйқысынан оятуға болмайды. Ол оны қатты қорқытып алуы мүмкін. Одан бөлек, психологилық қауіп төндіреді.

Массагет.кз
Денсаулық 31 қазан 2018 г. 1 186 0