САПАЛЫ ҚЫЗМЕТКЕ ХАЛЫҚ РИЗА

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қазақстандықтардың орташа жасын көтеруге байланысты кешенді шаралар тұрақты жүргізілуде. Ұзақ жылғы жұмыс нәтижесіз де емес. Бұл тұста сапалы медициналық қызмет көрсететін емдеу орындарының үлесі айқын екенін айту керек. Солардың бірі – Байқоңыр қаласындағы аурухана жанынан ашылған емхана. Байқағанымыздай, жұлдызды қа­ла­шықтағы емханада тұрғындар толық медициналық тексеруден өтіп, тегін бері­летін дәрі-дәрмекке, көрсетілетін ауқымды қызметке қол жеткізуге мүмкіндік алған. Бұл Елбасы Жолдауындағы «Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуы тиіс» деп жүктеген тапсырмасының қолға алынғандығының көрінісі.

– Медицина саласының дамуы, қолжетімділігі һәм кәсібилігі күн тәртібінен түспейді. Облыс әкімдігі тарапынан салаға деген қамқорлықтың артуы Байқоңыр қаласындағы көпшіліктің көңілін  күпті еткен мәселелердің оң шешімін табуына сеп болды. 2010 жылдан бері тұрған перзентхана ғимаратына 2014-2015 жылдары жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне берілді. Ресей-Қазақстан тараптары арасындағы келіссөз барысында осыдан екі жыл бұрын Байқоңыр қаласында қазақстандық медициналық ұйым ашу туралы келісімге қол жеткізілді. Осының негізінде бізде тәжірибелік режимде көпсалалы аурухана – облыстық медицина орталығының филиалы ашылды. Көпбейінді стационардың құрамында 30 төсектік терапиялық, 20 төсектік күндізгі стационарлық бөлімше бар. Жыл басында емхана жұмысы іске қосылды. 14 мыңнан астам халық тіркелді. Республикалық бюджеттен 64 млн теңге қаржы бөлініп, қажетті медициналық құрылғылар сатып алынды, – деді ОМО Байқоңыр филиалының емхана ісі жөніндегі меңгерушісі Гүлденген Шаповал.

Гүлденген Кітабияқызы мекемеде кардиолог, офтальмолог, балалар тіс дәрігеріне сұраныс барын жасырмады. Бүгінде жас мамандарды жұмысқа тартудың тиімді жолы қарастырылып жатыр. Дегенмен, мұнда елді мекендердегі дәрігер  тапшылығын азайтуды мақсат ететін, алысты қас-қағымда жақындататын телемедицинаға жүгінушілер қатары қалың екен.

– Жүрек-қан тамырлары дертімен диспан­серлік есепте тұрамын. Бұрын­дары маман жетіспеушілігінен жер-жерге жіберетін. Қазір бірыңғайланды. Өте қуаныштымыз. Дәрігерлер ем-шаралар жүргізіп, қолдан келгенін жасауда. Жаңа, тиімділігі мол технология арқылы облыс  орталығындағы білікті дәрігерлерден қашықтықтан кеңес  аламыз. Бұл – біз секілді емделуші мен дәрігердің бірігіп жұмыс істеуіне қажет дүние, – деді Төретам кентінің тұрғыны Аралбай Смағұлов.

Емхана ішін аралап, ақ халаттылар жұмысымен танысу кезінде осындай мәліметтерге қанықтық. Ең бастысы, дәрігерлер  қажетті медициналық көмек көрсету үшін аянбай еңбектенетініне көзі­міз жеткізді.

Мөлдір Қалымбет, 

Суретті түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ.

Денсаулық 27 қыркүйек 2018 г. 977 0