АРТЕРИЯЛЫҚ ГИПЕРТОНИЯ ДЕГЕНІМІЗ ҚАНДАЙ АУРУ ЖӘНЕ ТУЫНДАУЫНЫҢ СЕБЕБІ?

Бүгінгі таңда қан айналымы жүйесіндегі аурулар сырқаттанудың жалпы құрылымында және адам өлімі бойынша бірінші орында тұр. Еліміздегі әрбір оныншы адам осы дертке шалдығады.

Гипертония, яғни, қан қысымының көтерілуі – жиі кездесетін ауру. Гипертония көп жылға дейін сыр бермеуі де мүмкін, дегенмен ол жүрек пен қан тамырларын зақымдай беретінін ұмытпаған жөн. Гипертония көбіне жүйке жүйесі шаршаған, күйгелек, ашушаң адамдарда кездеседі. Кейде әртүрлі дәрі-дәрмектен кейін де қан қысымы артуы ықтимал. Адам ағзасындағы қан қысымының жоғарылауы қан тамырларының тарылуынан басталады.   Тамыр ішіндегі май қалыңдап, қан айналымы жүйесін бұзып, жүрек қызметін тежейді. Адам күйзеліске ұшырағанда немесе жүгіргенде тамыр тарылып, қан келмей қалады. Қан қысымының көтерілуін дер кезінде емдемесе, арты стенокардия, инфаркт, инсульт, жүрек әлсіздігі, көздің көрмей қалуы, бүйрек қызметінің жетіспеушілігі сынды ауруларға ұласады. Қан қысымының жоғарылауымен бірге төмендеуі де денсаулыққа зиян. Мұндайда науқастың жиі-жиі басы ауырып, әлсіздік пайда болады. Қан қысымының төмендеуіне негізінен адамның жасы, салмағының төмендігі, қан аздық, ас қорыту мүшелері қызметінің нашарлауы, құнарсыз тамақтану секілді себептер әсер етеді.

Адамдардың гипертония туралы білместігі, оның қауіптілігін дұрыс бағаламауға, дәрігерлерге ерте кезеңнен бастап қаралмауға әкеледі. Кез келген ауру бастапқы ерте кезеңінде жазылып кететіндігі бәрімізге мәлім. Осы бастапқы кезеңде ешқандай белгілер байқалмайды, тек АҚ деңгейі ғана көтеріледі. Өкінішке орай, жылдан жылға жастар мен жасөспірімдер арасында сырқаттанушылық жағдайы өрбуде. Темекі тарту, дененің артық салмағы, қозғалысы аз өмір салты, ішімдікке салыну, күйзеліс сияқты қауіп факторлары гипертония ауруын тудырады. Осы аталған себептерді алдын алу арқылы ауруды болдырмауға болар еді.

Әрбір ересек адам денсаулығына жауапкершілікпен қарап, жылына профилактикалық тексеруден өтіп тұрғаны абзал.

Ж.ҚАМБАРОВА,

«Қызылорда облыстық  салауатты өмір

 салтын қалыптастыру орталығы» ЖШС маманы.  

Денсаулық 17 мамыр 2018 г. 1 383 0